Үздік мұғалімге – жаңа автокөлік: Алматы облысында ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Үздік мұғалімге – жаңа автокөлік: Алматы облысында ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Алматы облысында Ұстаздар күні аталып өтіп, үздік педагогтер марапатталды. Оларға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты» табысталды. Сондай-ақ білім беру саласындағы облыстық байқаулардың жеңімпаздары анықталды.

Мерекелік шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Бүгінде өңірде 35 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Облыс әкімі білім саласына қолдау көрсету, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Адамзат баласының парасат шыңына өрлеуі де, мемлекеттің өркениетті дамуы да ұстаз берген тәлім-тәрбие мен білімнен басталады. Қай салада қызмет етіп, қандай биікті бағындырсақ та, оның негізінде ұстаздың еңбегі жатыр. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Бүгінде облыс педагогтері өз шеберлігін жетілдіріп, оқушыларының түрлі білім додаларында биіктен көрінуіне жол ашып келеді. Өздері де кәсіби байқауларда топ жарып жүр. Осындай жауапты жолда жүрген барша ұстазға алғысымды білдіремін», – деді Шыңғыс Әрінов.

Мерекелік шарада ұстаздарға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері және облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты» табысталды. Сонымен қатар «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік сынып жетекші» және «Жылдың үздік мұғалімі» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

«Жылдың үздік мұғалімі» атанып, сужаңа автокөлікке ие болған Жамбыл ауданы, Ә. Бейсеуов атындағы орта мектептің мұғалімі Бақытәлі Дәулешияр байқаудың төрт кезеңнен тұрғанын айтты.

«Әр кезеңде жоғары балл жинап, өзін жан-жақты көрсете білген педагог жеңіске жетеді. Биыл бұл марапаттың маған бұйырғанына қуаныштымын. Бұл байқау тек бақ сынайтын жарыс емес. Мұнда педагогтер тәжірибе алмасып, жаңа әдіс-тәсілдерді үйренеді. Сондықтан мұндай сайыстардың ұстаздарға берері мол. Ал жақсы мұғалімнің тәлімін көріп өскен алғыр бала елдің жарқын болашағын қалыптастырады», – деді жеңімпаз.

Мұғалімдерге берілетін ең жоғары марапаттардың бірі – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болған Қарасай ауданы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Жанар Кулиева да марапат туралы пікірін білдірді.

«Ұстаздар күнінде осындай мәртебелі марапатқа ие болып отырмын. Бұл – педагогика саласындағы 34 жылдық еңбегімнің жемісі. Дегенмен әр мұғалім үшін шәкіртінің жетістігін көргеннен асқан бақыт жоқ. Ең бастысы, педагог оқушыны жақсы көріп, оған шынайы ықыласпен жанашыр бола білуі керек. Мейірім арқылы ғана шәкірт жүрегінен орын аласың», – деді ұстаз.