Алматы облысындағы мәдениет пен ақпарат саласының қызметкерлеріне  Мемлекет басшысының атынан марапаттар табысталды

Алматы облысындағы мәдениет пен ақпарат саласының қызметкерлеріне  Мемлекет басшысының атынан марапаттар табысталды

Алматы облысында мәдениет және ақпарат саласының қызметкерлері құрметке бөленді. Ұлттық мұраны дәріптеп, шынайы ақпарат жаршысы болып жүрген майталмандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Құрмет» грамотасына және «Алғыс хатына» ие болды. Марапатты Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов табыстады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Салтанатты рәсімде Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, жиынға қатысушыларға жылы лебізін білдірді. 

«Алматы облысы – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Әсіресе ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу – басты назарда. Жыл басынан бері Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы, аты әлемге әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы және өзге де көрнекті тұлғаларымыздың мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Осындай игі шараларға өнерпаздарымыз бен ақпарат саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта да еліміздің ынтымағы мен бірлігінің дамуына елеулі еңбек сіңіресіздер деп сенемін», – деді Мәлік Отарбаев. 

Жиында Шыңғыс Сайранұлы мәдениет және ақпарат саласының қоғамдағы маңызына тоқталды.

«Мәдениет – халықтың рухани болмысын айқындайтын маңызды сала. Ұлттық құндылықтарды сақтау, өнер мен шығармашылықты қолдау, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет. Ақпарат саласының да қоғамдағы орны ерекше. Жұртшылықты елдегі маңызды жаңалықтардан дер кезінде хабардар ету, атқарылып жатқан жұмыстарды ашық әрі нақты жеткізу кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Шығармашылық ізденістеріңіз жаңа жобаларға, тың бастамаларға және жақсы нәтижелерге жол ашсын», – деді облыс әкімі. 

Марапатқа ие болғандардың бірі журналист, ақын, жазушы – Қуат Қайранбаев. 

«Журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныма 45 жылдай уақыт болды. Еңбегіміздің ескеріліп жатқанына қуаныштымын. Бүгінгі марапаттың жөні бөлек. Жүрегіміздің соғысы жиілеп, толқып тұрмыз. Осындай сый-құрметке бөлеген Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Еліміздің рухани тұрғыда түлеуіне бар ынта-жігерін салып жүрген бүгінгі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын», – деді Қуат Қайранбаев. 

Осылайша, қаламның ұшымен, өнердің күшімен өңірдің өркендеуіне қажыр-қайратын арнаған жандардың мерейі тасып, еселі еңбегі лайықты бағасын алды.