Қонаев қаласында «Қазақстан – Үндістан» бизнес форумын өткізу жоспарлануда 

Қонаев қаласында «Қазақстан – Үндістан» бизнес форумын өткізу жоспарлануда 

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «Қазақстан – Үндістан» іскерлік форумы өтуі мүмкін. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов пен Үндістан Республикасының ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалдың кездесуі барысында белгілі болды. Форумда көпфункционалды кешендер, қонақүйлер, ауруханалар мен тұрғын үй құрылысы, энергетика саласындағы ірі компаниялар өзара келіссөз жүргізіп,  инвестициялық бастамаларды талқыға салады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Жүздесу барысында сондай-ақ сауда-экономикалық, гуманитарлық салалардағы қарым-қатынасты дамыту мәселелері қаралды. Бүгінде Алматы облысы мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық күн санап жанданып келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 24%-ға артып, 30,7 млн АҚШ долларына жетті. Облыста үнді инвесторларының қатысуымен жалпы құны 278 млрд теңге болатын туризм және білім беру саласын ілгерілетуге бағытталған 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда үнді капиталының қатысуымен өңірде 5 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар қос тарап бірігіп құрған 4 кәсіпорын бар. Туризм саласы да – өзара ынтымақтастықты арттырудың негізгі бағыттардың бірі. Мысалы, өткен жылы өңірге Үндістаннан 2 500-ге жуық турист келді. 

Шыңғыс Сайранұлы өз сөзінде аталған бизнес-форум екі тарап үшін де тиімді әрі нақты нәтижеге жеткізетін игі шара болатынына сенім білдірді.  Сондай-ақ Алматы облысы еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін атап өтіп, оның артықшылықтары мен жетістіктері жайлы баяндады.  

«Үнді компанияларының мол тәжірибесі Алматы облысында технологиялық және инфрақұрылым бағытындағы тың бастамаларды іске асыруға септігін тигізеді деп сенемін. Өз тарапымыздан біз инвесторлардың ұсыныстарын жан-жақты қарап, оны іске асыруға дейінгі қажетті көмекті көрсетуге дайынбыз. Соңғы үш жылда Алматы облысы шетелдің 17 өңірімен ынтымақтастық туралы келісімдерді бекітті. Осыған байланысты біз Үндістан Республикасының өңірлерімен тікелей серіктестік орнатуға мүдделіміз», – деді аймақ басшысы. 

Сайлас Тангал «Қазақстан – Үндістан» бизнес-форумы жылжымайтын мүлік саласындағы кәсіпкерлердің бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік тудыратынын жеткізді. Сонымен қатар Үндістан компаниялары Алатау және Қонаев қалаларында ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті екенін айтты. 

«Үндістан денсаулық сақтау, фармацевтика және роботтандырылған хирургия салаларында озық тәжірибеге ие. Сондықтан біз Алматы облысында өндіріс орындарын ашуға және облысқа қажетті кейбір басым бағыттар бойынша ауқымды бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға толық дайынбыз», – деді Сайлас Тангал. 

Жиын соңында қос тарап өзара тиімді серіктестікті дамытып, бірлескен жобаларды жандандыруға, бизнес-форумды өткізу барысын жан-жақты пысықтауға уағдаласты.