Алматы облысында шренк шыршасы, жиде және өзге де ағаш түрлерінен тұқым алынуда. Қазірдің өзінде мамандар бір жарым тоннаға жуық дәнек жинады. Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазан айының ортасынан бастап қара сексеуіл тұқымын жинау басталады. Биыл оның көлемін 10 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірде жалпы аумағы 130 гектарға жуық 2 тұрақты және 10 уақытша тәлімбақ жұмыс істейді. Ол жерден жиналған тұқым орман қорын молайтуға бағытталады. Мәселен, Балқаш ауданындағы «Күрті орман шаруашылығы» мекемесінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен бірлесіп, бір күнде 200 келі жиде тұқымын жинады. Ол үшін 50-ге жуық адам жұмыла жұмыс істеді.
«Күрті орман шаруашылығы» КММ директоры Ғабит Ақшабақовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, 2 миллиард түп ағаш отырғызу жоспары біртіндеп орындалып келеді. 2028-2035 жылдар аралығында 80 гектар жерге 266 664 түп жиде көшетін отырғызу көзделіп отыр. Қазіргі таңда жиналып жатқан жиде тұқымы осы жоспарға сәйкес көшет дайындау мақсатында уақытша орман тұқымбағына себіледі.
Табиғат аясында өткен шара оқушылардың таным-түсінігін тереңдетіп, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үйретеді. Игі іске белсене қатысқан Д.Қонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Баукен Ерғали табиғатты қорғау әрбір азаматтың міндеті екенін айтты.
«Желтораңғы ауылының жастары да, қарттары да мұндай шаралардан қалыс қалған емес. Мен – осы ауылдың тумасымын. Мұндай игі істерге қатысуды азаматтық парызым деп білемін. Себебі «Таза Қазақстанды» қалыптастыру – әрбір адамның жауапкершілігіндегі іс», – деді жас табиғат жанашыры.
Тұқым жинау, оны күтіп-баптау – табиғат байлығын көбейтіп, орман қорын сақтаудың негізі. Сондықтан Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жалғасын табады.