Алматы облысындағы шаруалар су үнемдеуге көшті

Алматы облысындағы шаруалар су үнемдеуге көшті

Алматы облысында 2030 жылға дейін 186,6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарлануда. Қазірдің өзінде өңірде тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен мыңдаған гектар жайылым жер егістікке айналды. Соңғы төрт жылдың өзінде тіршілік нәрін үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 3,3 есеге артып, 66,6 мың гектарға жеткен. Бұл облыстағы суармалы жерлердің шамамен 30 пайызын құрайды, -  деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл бұл көрсеткіш 94 мың гектарға дейін ұлғайды. Өтйкені өңірде су үнемдеу технологияларына бағытталған инвестициялық жобалардың саны артып келеді. Мәселен, Іле ауданындағы «Alfalfa.kz» серіктестігі 1,7 мың гектар алқапты жаңбырлатып суарып, жоңышқа өсіруді қолға алмақшы. Жобаға шамамен 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалады.

Компания башысы Жәнібек Қалиевтың сөзінше қазір жер телімінің маңына құбырлар тартылып, жаңбырлатып суаратын қондырғылар орнатыла бастаған.

«Егістікке қажетті суды Сорбұлақтан аламыз. Ол үшін арнайы суды тазартатын станция салуды көздеп отырмыз. Онда тұтастай автоматтандырылған жүйе арқылы су тазартылып, пайдаланылады. Қазір электр желісін іске қосып, суару жүйелерін жасап жатырмыз. Келер жылы көктемде жоңышқа егуге білек сыбана кірісек деген ойдамыз. Бұл жоба өңірдің жем-шөп базасын нығайтуға,ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға зор мүмкіндік береді»,– деді ол.

Алдағы төрт жылда Алматы облысындағы егіс алқаптарының 67,3 пайызына су үнемдейтін технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Тіршілік нәрін ысырап қылмас үшін суды көп қажет ететін дақылдардың көлемі де азайтылуда. Биыл өңірде 440 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.