
Алматы облысында «Шөлейттен Тянь-Шань шыңдарына дейін» атты бес күндік ғылыми-танымдық экспедиция өтті. Экспедиция Алматы облысы әкімдігінің, Алматы облысының туризм басқармасының және @visitalatau туристік ақпараттық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара Toyota Kazakhstan компаниясының National Geographic Qazaqstan және Зоология институтымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Дала қыраны» жобасы аясында өтті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Экспедиция бағыты Алматы қаласынан басталып, Сөгеті шатқалы, Бестамақ және Телес сарқырамасы арқылы өтті. Одан әрі қатысушылар Темірлік шатқалы мен Қара шатқалға бағыт алып, Кеген арқылы Баянкөлге қарай жол тартты. Мұнда экспедиция мүшелері аңғарды зерттеп, табиғи ландшафттарды зерделеді және Тянь-Шаньның қарлы шыңдары көрінетін ең қолайлы панорамалық нүктелерді іздеді. Қайтар жолда маршрут Ассы үстірті арқылы өтіп, қатысушылар күннің шығуын тамашалады. Экспедиция Алматыға оралумен аяқталды.
Экспедиция барысында қатысушылар құстар мен омыртқалы жануарларды бақылап, олардың түрлерін, мінез-құлық ерекшеліктері мен мекен ету ортасын тіркеді. Ерекше назар дала қыранын (Aquila nipalensis) зерттеуге аударылды: мамандар ұя салатын аумақтарды, оларға іргелес жерлерді және қоректік базаны зерделеді. Түр санының азаюы жағдайында «Дала қыраны» жобасы оның популяциясы мен көші-қон бағыттарын зерттеуге, сондай-ақ табиғатты қорғау шараларын одан әрі жүзеге асыруға ғылыми негіз қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан түрді сақтауда маңызды рөл атқарады, өйткені оның әлемдік популяциясының едәуір бөлігі еліміз аумағында ұя салады.
Экспедицияға ғалымдармен қатар National Geographic Qazaqstan өкілдері, фотографтар, бейнеграфтар, журналистер мен блогерлер қатысты. Шығармашылық топ зерттеу жұмыстарының барысын құжаттап, Қазақстанның табиғи мұрасы туралы фото және бейнематериалдар әзірледі.
Жоба аясында «Қазақстан құстары» фотобайқауы өтіп жатыр. Зерттеу нәтижелері мен үздік фотоматериалдар қазан айында Алматыда арнайы көрмеде таныстырылады. Маусым қорытындысы бойынша Зоология институты зерттеу нәтижелері бойынша ғылыми есеп дайындап, оны табиғатты қорғау жұмыстарында одан әрі пайдалануға ұсынады.
Жоба ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған және дала қыранына жүйелі зерттеулерді жалғастыруды, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтауды және дала экожүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейді.