
Бүгін Марат Сұлтанғазиев 2022 жылғы маусымнан бері басқарып келген Алматы облысының әкімі қызметінен кетті. Оның төрт жылдық басқару кезеңі әкімшілік бөліністен кейін өңірдің қалыптасуы және облыс орталығының Қонаев қаласына көшірілуімен тұспа-тұс келді. Осы уақыт ішінде облыс жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша елдегі оныншы орыннан көшбасшы бестіктің қатарына көтеріліп, экономикасын екі есеге жуық ұлғайтты және инвестиция көлемін екі еседен астам арттырды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
2022 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі шамамен 3,4 триллион теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 6,8 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 триллионнан 2,6 триллион теңгеге дейін өсті. Оның шамамен 90 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 614 миллиард теңгеден 1,35 триллионға артты. Өңірде жалпы құны 724 миллиард теңгені құрайтын 98 жоба іске асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылды.
Облыстың қаржылық базасы да өзгерді. Бюджеттің меншікті кірістері 2,4 есе өсті, ал республикалық бюджеттен берілетін трансферттердің үлесі 33 пайыздан 13 пайызға дейін төмендеді. Бұған дейін донор-аумақтар қатарында Қарасай және Іле аудандары болса, бүгінде олардың қатарына Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласы қосылды.
Негізгі әлеуметтік мәселелердің бірі халық санының жылдам өсуіне байланысты мектеп тапшылығы болды. 2022 жылы облыста үш ауысымды 52 мектеп болса, қазір олардың саны 23-ке қысқарды. Төрт жыл ішінде 75 мектеп ашылды. Оның ішінде биыл жаңа оқу жылының басталуына дейін жалпы 4200 орынды бес мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар жаңа облыс орталығының инфрақұрылымы қалыптасты. Қонаевта инженерлік желілер мен әкімшілік нысандардың құрылысы басталды. Алдағы уақытта мұнда театр, «Қонаев Арена», Оқушылар сарайы және басқа да әлеуметтік нысандар салу жоспарлануда.
Төрт жыл ішінде облыста 3,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 6,6 мың азамат баспанамен қамтылды. Олардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері де бар.
Алматы облысы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша Қазақстанда екінші орынды сақтап, республикадағы жалпы көлемнің 11,6 пайызын қамтамасыз етіп отыр. 2022-2025 жылдары мемлекетке пайдаланылмай жатқан 528 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Төрт жыл ішінде суару желілерін жаңғыртуға 16,3 миллиард теңге бағытталды, ал су үнемдеу технологиялары суармалы жердің 41,2 пайызына енгізілді.
Туризм саласы да айтарлықтай дамыды. Биылғы жаздың өзінде Қапшағай су қоймасына екі миллионнан астам адам келді. Сонымен қатар Көлсай көлдері мен Қайыңдының, Көшпенділер қалашығының инфрақұрылымы дамып, танымал туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделді. Алматы облысы ірі спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу алаңына да айналды.
Сонымен бірге халық саны қарқынды өсіп келе жатқан облыс алдында жүйелі міндеттер сақталуда. Олардың қатарында агломерациядағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым тапшылығы, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және ірі инвестициялық жобаларды толық аяқтау қажеттігі бар.