Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданына барып, шалғайдағы жұрттың тыныс-тіршілігімен танысты. Шаруақожалықтарды аралап, жүргізіліп жатқан аудандағы құрылыс жұмыстарымен танысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ең әуелі Қайнар ауылында бой көтеріп жатқан спорт кешеніне атбасын бұрды. Бюджеттен 1.2 миллиард теңге бөлінген, аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 50 адамға арналған спорт кешенінде бокс пен күрес залы, ауқымды спорт залы және әкімшілік кеңселер орналасады. Нысанға жауапты мердігердің айтуынша, спорт кешеніне керекті барлық инженерлік желілер тартылған. Қажетті құрылыс материалдары толық жеткізілген.
Қаржыландыруға байланысты мәселелер де дерлік оң шешім тапқан. Кешен құрылысымен танысқан Марат Елеусізұлы мердігерлерге сапаға мән беріп, жұмысты жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ облыс басшысы Қайнар ауылында әлеуметтік осал топтарға салынып жатқан тұрғын үйлерді де назардан тыс қалдырмады. Бүгінде Райымбек ауданында 1108 азамат баспана кезегінде тұр. Осы түйткілді шешу үшін өңірде жыл сайын жаңа үйлер салынуда. Биыл Қайнар ауылында осындай он баспана кезекте тұрған тұрғындарға табысталмақ. Осы тұста аймақ басшысы аталған баспаналардың құрылысын жүргізіп жатқан мамандарға ауыл тұрғындарына жайлы орта жасауға барынша назар аудару қажет екенін ескертті.
Бүгінде Райымбек ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Аталған саланың әлеуетін арттыруға өңірдің мүмкіндігі мол. Таулы өңірдің табысын кәсіпкерлер еңбегінен бөле қарауға болмайды. Сапар аясында «Ерік» шаруа қожалғына аялдаған облыс әкімі мол өнім алу қамында егіс алқабында қарбалас жұмыс істеп жатқан шаруалардың қызу еңбегіне куә болды. Аталған шаруақожалық биыл жүз гектар аумаққа v7- сұрыпты картоп егіпті. Заманауи технолгияларды қолданудың арқасында әр гектардан 40 тоннаға жуық өнім алу жоспарланған. Ал картоп жинауға 20-дан аса ауыл тұрғыны жұмылдырылды. Мол өнімге ризашылық танытқан облыс басшысы оны сату мен сақтау жұмысын оңтайландыру үшін тиісті басқармаларға міндеттер жүктеді. Аймақ басшысы сапар аясында өңір шаруаларымен де жүздесіп, бірқатар түйткілді мәселелерді пысықтады. Онда өнімді өндіру, тасымалдау мен сату желілерін үйлестіру мәселесі кеңінен талқыланды. «Алтын дән» өндірістік кооперативінің төрағасы Дулат Мамыровтың сөзінше, 2022 жылы сегіз шаруақожалық бірігіп, ұжымшар құрған.
Олар мемлекеттік қолдау аясында техника сатып алып, кейін су үнемдеу технологиясын енгізіпті. 250 гектар жерге «PepsiCo»компаниясының қытырлақ чипсілерін өндіруге арналған арнайы картоп сорттарын еккен. Дулат Мамыров алда аталған компания тарапынан сұраныс арта түсеріне сенім білдіріп, жергілікті шаруалар кооперативті ұлғайтуға күш салып жатқанын жеткізді. Бүгінде ауданда қолға алынып жатқан жобалар Нарынқол картобының бұрынғы беделін қайтаруға өңір жұртшылығы зор сенім білдіріп отыр.
Ауданда тағы бір түлетуге мүмкіндігі бар кәсіп – омарташылық. Сондықтан өңір омарташылары аймақ басшысынан бал арасын бағуға басымдық беретін бағдарламаларды жүзеге асыруды ұсынды. Шаруалармен ортақ ой бөліскен облыс әкімі өнім өндіруге, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, сондай-ақ тамшылатып суару технологиясын қолдану сынды ауыл шаруашылығын өркендететін жобаларға барынша қолдау көрсететінін жеткізді. «Бүгінде өңірде сапалы өнімді Алматы қаласына саудалайтын жаңа желі қалыптасып келеді. Жақында Алматыда Райымбек ауданының ауыл шаруашылық өнімдерін сатуға арналған сауда орны ашылды. Алда бұл сауда арнасын кеңейтуге басымдық береміз»,–деді аймақ басшысы.