Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданы тұрғындарына есеп берді

Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданы тұрғындарына есеп берді

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстардың есебін берді. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жыл басынан бері жасалған жұмыстар мен олардың нәтижелері баяндалды. Сондай-ақ Райымбек ауданының өзекті мәселелері талқыланып, алдағы негізгі міндеттер сараланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Райымбек ауданы тұрғындарының негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Оны дамыту үшін бірқатар инвестициялық және ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Қақпақ ауылдық округінде 5 мал бордақылау алаңының құрылысы басталды. Ал, Алатау қаласында салынып жатқан «PepsiCo» компаниясының игілігін де дәл осы Райымбек ауданының тұрғындары көрейін деп тұр. Өйткені осы зауытта өндірілетін қытырлақ тіскебасар (чипсы) дайындайтын картоп Нарынқолда өсіріледі. Ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының қолдауымен «Тәуекел» шаруа қожалығы 80 гектарға арпа және 80 гектарға бидайдың элиталы тұқымдарын септі. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен мал шаруашылығын асылдандыру бойынша меморандум жасалып, шаруа қожалықтарға ғылыми-тәжірибелік қолдау көрсетілуде.

Соңғы жылдары ауданда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Хан Тәңірінің етегіне 300-ден астам киіз үй тігіліп, жаз айларында шетелдік және отандық туристерге қызмет көрсетуде. Сонымен қатар қонақ қабылдайтын үйлер ашу бойынша 1 жарым айлық оқыту жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде Қарасаз, Сарыжаз, Жамбыл, Қақпақ ауылдарында 17 қонақжай ашылды.

Ауданда әлеуметтік нысандар да бой көтеруде. Мәселен, Қайнар ауылында спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Нарынқолда 250 адамды қабылдай алатын емхана құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге өтінім берілді. Сондай-ақ бүгінде ауданда 260 тұрғын үй бой көтеруде. Инфрақұрылым саласы бойынша республикалық «Кеген – Нарынқол» автожолы жөнделуде. Жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Марат Елеусізұлы халық алдында облыстың даму қарқыны туралы да баяндама жасады. Айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда өңірлік өнім көлемі 6,8%-ға өскен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 7,4 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл облысқа 664,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 4,5 млрд теңгесі Райымбек ауданына тиесілі. Соған қарамастан ауданның облыстық инвестициядағы үлесі төмен. Марат Елеусізұлы аудан әкіміне жаңа инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және кәсіби кадрларды даярлау, сол арқылы өндірісті ілгерілету міндетін жүктеді.

Алматы облысы тоғыз жолдың торабында тұр. Бұл өңірді көлік-логистикалық орталыққа айналдырды деуге болады. Мәселен, соңғы төрт жылда логистикалық қоймалардың саны 43-ке дейін жетіп, олардың жалпы аумағы 334 мың шаршы метрді құрады. Бұл - Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.

Облыс әкімінің сөзінше, өңір экономикасын дамытудың негізгі драйвері – агроөнеркәсіптік кешен, осы салада өндірілген жалпы өнім көлемі бойынша облыс республикада екінші орында тұр.

Бүгінде облыстағы суармалы алқаптардың 41,2 пайызына су үнемдеу технологиясы енгізілген. Осы арқылы шаруалар тіршілік нәрін 40-50 пайызға дейін үнемдей бастады.

Биыл облыста 1 млн 81 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 909,8 мың шаршы метрі халық игілігіне берілді. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысы республикада 3-орында.

Қазіргі таңда өңірде 7 жаңа білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, 13 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша 3 медициналық нысан салынып жатыр.

Облыс әкімі өз есебінде туризм бағытына ерекше тоқталды. Жыл басынан бері облысқа келген туристер саны 1,8 млн адамға жетті. Аймақ басшысы бұл тұрғыда Райымбек ауданында экологиялық, этно және агротуризмді дамытуға мүмкіндік мол екенін айтты. «Бұл бағыт ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнімдерді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осындай жобалардың санын көбейтіп қана қоймай, олардың қызмет сапасын арттыру», – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында жергілікті тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мәселен, жергілікті кәсіпкер қонақтарды қабылдайтын үй-жай салған. Туристік нысан Байынқол шекаралық аймағында орналасқан. Бекеттен өту үшін шекаралық аймаққа кіру рұқсатнамасы керек. Бірақ ол өте ұзақ дайындалады. Кейде туристер құжат ала алмай, кері қайтуға мәжбүр болады. Кәсіпкер тексеру мерзімін қысқартып, бекеттен өтуді жеңілдетуді сұрады. Аймақ басшысы Туризм басқармасы мен Шекара қызметіне құжат дайындау уақытын қысқартудың жолын қарастырып, туроператорлармен тікелей жұмыс істеудің оңтайлы жолдарын зерделеуді тапсырды.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, Байынқол өзенінің суы жаз айларында тасып, лайлануына байланысты 5300 га суармалы жер эрозияға ұшырап, тозып бара жатыр. Осыған байланысты Қаратоған ауылы маңындағы Ақкөл өзенінің суын Үкірші каналына қосуды және тоспа салуды өтінді. Аймақ басшысы бұл ұсынысқа қатысты жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды.

Азаматтар сондай-ақ газбен қамту ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтады. Аймақ басшысының мәлімдеуінше, бұл түйткілдің шешімін табу мақсатында Кеген және Райымбек аудандарын газдандыру үшін «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырын салу жобасы әзірленген. Жалпы құны – 39,5 млрд теңге, ұзындығы – 238 шақырым. Бүгінде жобаны қаржыландыру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралуда.

Марат Елеусізұлы сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Онда тұрғындар банк бөлімшелері мен спорт кешенін ашып беруді өтінді. Сондай-ақ газ, жарық, білім беру, ерекше қажеттілігі бар балаларға қолайлы жағдай жасау бойынша туындаған мәселелерін жеткізді. Аймақ басшысы азаматтарды мұқият тыңдап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.