Ұйғыр ауданында жалпы құны 87 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Ұйғыр ауданында жалпы құны 87 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Алматы облысының Ұйғыр ауданы – еліміздегі жүгері өндірісінің жетекші орталықтарының бірі. Құнарлы жер, қолайлы климат, шаруалардың мол тәжірибесі мен соңғы жылдары тартылған инвестициялар ауданның аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп келеді.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының жетекші салаларының бірі. Биыл жалпы егістік алқабы 27,4 мың гектарға жетіп, бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,3 мың гектарға немесе 14,1 пайызға ұлғайды. Ал дәндік жүгері алқабы 9 080 гектарды құрап, Алматы облысындағы жүгері алқабының 16,3 пайызын иеленіп отыр.

Жүгері өндірісін дамытуда ірі инвестициялық жобалардың маңызы ерекше. Солардың бірі – «Assem Kaljat» ЖШС-нің жүгері өсіру жобасы. Кәсіпорын 2 487 гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізіп, заманауи суару жүйелерін іске қосты. Қазіргі таңда шамамен 2,5 мың гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, 50 суару ұңғымасы бұрғыланып, 303 шақырым магистральдық су құбыры тартылды. Жобаға 1,3 млрд теңге инвестиция игерілді.

Осы жоба аясында ауданның ірі және шағын шаруа қожалықтарының өкілдері бас қосып, жүгері өсірудің заманауи технологиялары бойынша тәжірибе алмасты. Шаруалар өндіріс барысын тікелей алқапта көріп, суару жүйелерінің тиімділігі, тұқым таңдау, агротехникалық жұмыстарды ұйымдастыру және өнімділікті арттыру тәсілдерімен танысты.

Бұл – ірі шаруашылықтарда жинақталған тәжірибені шағын және орта шаруашылықтарға таратудың тиімді жолы. Өз кезегінде мұндай тәжірибе алмасу ауданның аграрлық секторындағы технологиялық жаңғыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Жүгері өндірісін одан әрі ұлғайту бағытындағы тағы бір маңызды жоба – «АА Агро Қонаев» ЖШС мен «QS Logistics Systems LTD» ЖШС бірлескен жобасы. Серіктестік 4 400 гектар жерді игеруді жоспарлап, заманауи суару технологияларын енгізуде. Алдағы кезеңде 18,2 млрд теңгелік жүгері мен соя өсіруге арналған агроөнеркәсіптік кластер құру көзделген.

Ауданда су үнемдеу технологияларын енгізуге де басымдық берілуде. 2024 жылы бұл технологиялар 450 гектарға енгізілсе, 2028 жылға қарай 19 790 гектарға жеткізу жоспарланған. Ал 2026–2028 жылдары 17 187 гектар жайылымды суармалы егістікке айналдыру және суару желілерін жаңғырту арқылы тағы 6 396 гектарды ауыл шаруашылығы айналымына қосу көзделіп отыр.

Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда ауданның егістік алқабы 45 196 гектарға дейін ұлғаяды.

Агросекторға тартылатын инвестиция көлемі де жыл сайын артып келеді. 2025–2029 жылдары ауданда жалпы құны 87 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың қатарында жүгері өсіру, гибридті тұқым өндіру және өңдеу, астық сақтау, құс шаруашылығы және агроөнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту бағыттары бар.

Сонымен қатар шаруаларды қаржылай қолдау тетіктері де кеңейіп келеді. 2026 жылы «Кең Дала» бағдарламасы аясында 10 шаруашылық 772,9 млн теңге несие алды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыста Қонаев қаласы мен Балқаш ауданынан кейінгі үшінші орында тұр.

Ұйғыр ауданындағы ауыл шаруашылығының бүгінгі жетістігі – жердің берекесі мен диқан еңбегінің, инвестиция мен инновацияның, тәжірибе мен заманауи технологияның тоғысуының нәтижесі.

Жүгері өндірісінде республика көлемінде көш бастап тұрған Ұйғыр ауданы аграрлық әлеуетін одан әрі арттырып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді.