
Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты №57 мекеме аумағында «Warm Home» және «EleGant» ЖШС жаңа өндіріс цехтарын іске қосты. Бұл ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Кәсіпорындар жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бахытұлы қатысты.
Бүгінде №57 мекемеде 19 кәсіпорын бар. Онда 599 адам еңбек етеді. Мұндай бастамалар тек жаңа өндіріс нысандарын ашумен шектелмейді. Бұл сотталғандардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, кәсіби дағдыларын дамытуға және қоғамға қайта бейімделуіне көмектеседі. Себебі еңбек адамды тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейді, ерік-жігерін арттырады.
«Warm Home» және «EleGant» ЖШС өндіріс цехтарының іске қосылуы – аталған бағыттағы жұмысты одан әрі дамытуға бағытталған маңызды бастама. Осылайша, жазасын өтеушілер экономиканың дамуына өз үлесін қосып, кейін әлеуметтік ортаға еш қиындықсыз қайта орала алады. Қажетті тәжірибе жинақтап, жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, болашаққа деген сенімі де арта түседі.