Тамыз кеңесі: Алматы облысындағы 5 мектеп еліміздің ең үздік 100 білім ошағының қатарына кірді

Тамыз кеңесі: Алматы облысындағы 5 мектеп еліміздің ең үздік 100 білім ошағының қатарына кірді

Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын тамыз конференциясы биыл Алматы облысында «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбына арналды. Жиында білім беру саласында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар сараланып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар айқындалды. Конференцияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, аудан-қала әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері және педагогтер қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Конференция барысында білім сапасы мен педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, цифрландыру және тәрбие жұмысы сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде білім беру саласын дамытудың үш негізгі бағыты бар екенін айтты. Біріншіден, жаңа конституциялық талаптарға сай үш ауысымды мектептерді жою, заманауи мектептер салу және цифрлық сауаттылықты дамыту. Екінші бағыт – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын көтеріп, жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Үшінші бағыт – еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.

Сондай-ақ Марат Елеусізұлы білім саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан-жылға артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, биыл облыста білім саласын қаржыландыру 458,2 млрд теңгеге жетті. Оқушылар санының жыл сайын 7-10 мыңға артуына байланысты педагогтерге де сұраныс өсіп отыр. Осыған байланысты жалақы қорына жыл сайын қосымша 7 млрд теңге бөлінуде.

Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұмановтың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру бағыты бойынша өткен жылғы маусымнан бастап Қонаев қаласында 24 мектепке дейінгі ұйымда 2 951 орынға ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде балабақша кезегіндегі балалар саны 963-тен 470-ке дейін азайды. Сонымен қатар ата-аналарға қолдау көрсету үшін 365 кеңес беру орталығы жұмыс істеп, «Балақайлар мектебі» жобасы аясында 7 223 бала мектепке дейінгі даярлықтан өтті.

Бүгінде өңірдегі 5 мектеп Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енген. Ал дарынды балалардың 3 жылдағы жүлделі орындарға ие болудағы сапа көрсеткіші 54 пайызға артты. 2025-2026 оқу жылында пәндік олимпиадаларға 541 оқушы қатысып, 303 жүлделі орын иеленді. Халықаралық байқауларда 29 оқушы жеңімпаз атанды. Екі жыл қатарынан облыс түлектері ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинады. Ал өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасы 68,9 пайыздан 69,5 пайызға өсті.

Өңірде 34767 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде біліктілік санаты бар педагогтардың үлесі – 74,8%. Ал жаңа форматтағы біліктілік санатына ие мұғалімдер саны биыл 28,2%-ды құрап 7,1%-ға өскен.

Білім ошақтарында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Биыл 350 мың оқушының қатысуымен «Болашақты бірге отырғызайық» акциясы, мектеп түлектері мен танымал тұлғалардың қатысуымен «Бүгінгі күн – ертеңгінің өркені» және «Жайна, туған өлкем!» челлендждері ұйымдастырылған.

Биыл өңірде еңбек нарығына қажетті жаңа мамандықтарды ашуға 500 млн теңге бөлінді. Колледждердің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Студенттер түрлі сайыстарда топ жарып, үздік нәтиже көрсетуде. Мысалы, «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатында облысымыздың 12 студенті жүлделі орындарға ие болған. Колледждердің Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия және басқа да мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен халықаралық байланыс орнатуы студенттер мен педагогтердің тәжірибе алмасуына жаңа мүмкіндік беріп отыр.

Облыста жастардың білімін жетілдіру – маңызды бағыттарының бірі. Соңғы төрт жылда жергілікті бюджет есебінен 239 грант бөлінді. Биыл тағы 35 грант қарастырылған. Сонымен қатар ҚХР ұсынған білім гранттары арқылы 2024 жылдан бері 65 түлек Қытайда оқып жатыр.

Конференцияда баланың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Диас Сұлтанның мәлімдеуінше, Талғар ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң мен тәртіп» азаматтық тәлімгерлік пилоттық жобасы іске асырылған.

«Жобаға 10 мектеп пен 3 колледж қатысып, прокуратура, полиция және адвокатура органдарының 13 ардагері тәлімгер ретінде тартылды. Олар 7-10 сынып оқушылары мен колледж студенттерімен құқықтық тақырыптарда пікірталас, тренинг және профилактикалық кездесулер өткізді. Нәтижесінде оқушылардың құқықтық білімді меңгеру деңгейі 90 пайыздан асты», – деді аға прокурор.

Биыл бұл бастамаға тағы 35 ұйым қосылмақ. Жоба сондай-ақ буллинг пен кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың және басқа да келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Осыған байланысты Марат Елеусізұлы білім, полиция және денсаулық сақтау салалары бірігіп әрекет ету керегін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Цифрландыру тақырыбы да күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Білім саласындағы қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында «Есеп» бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Жиын барысында Айқожа Әбсадықов еліміздегі білім саласында енгізілген өзгерістер жайлы баяндады. Айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері ескеріліп, оқу бағдарламалары кешенді түрде қайта қаралған. Биылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады. 5-9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық беріліп, 8-9 сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәнін аптасына 2 сағат көлемінде енгізу қарастырылуда.

Жиын соңында өткен оқу жылының қорытындылары мен жаңа оқу жылына арналған міндеттер сараланып, конференцияның қарары қабылданды. Сондай-ақ білім беру саласында еселі еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен дараланған ұстаздар «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен және Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.