
Алматы облысының Іле ауданында «Kusto Logistics» компаниясының ірі көлік-логистикалық орталығы іске қосылды. Мұнда жүктерді қабылдау, сақтау, өңдеу және тасымалдау қызметі атқарылады. 26,5 гектардан астам аумақта теміржол, контейнерлер алаңы, екі қойма, жүк тиеу-түсіру орындары, автомобиль логистикасы мен басқару орталығын біріктірген заманауи мультимодальды кешен құрылды. Жылына 100 мың контейнер жүкті өңдеуге қуаты жетеді. Қазіргі уақытта 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жобаға 28,1 млрд теңге инвестиция тартылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі акционері Қанат Көпбаев, жобаға қатысқан компаниялардың өкілдері мен мамандар қатысты.
Марат Елеусізұлы логистикалық орталық тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестің дамуына, салық базасының ұлғаюына және облыс экономикасының өсіміне оң әсерін тигізетін маңызды нысан екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту міндеттерін Үкімет пен әкімдіктердің алдына нақты қойып келеді. Осы бағытта Алматы облысында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгін пайдалануға беріліп отырған кешен еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деп күтілуде. Бүгінде Іле ауданының тиімді географиялық орналасуы, көлік дәліздеріне жақындығы және инженерлік инфрақұрылымының дамуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда. Алматы облысының әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді. Әрбір жүзеге асқан жоба – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға қосылған игі үлес болмақ», – деді аймақ басшысы.
«Kusto Group»-тың құрылтайшысы және акционері Қанат Көпбаевтың айтуынша, компанияның құрылғанына биыл небәрі үш жыл болған. Соған қарамастан, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген.
«Қазақстандағы контейнерлердің шамамен 80 пайызы Алматы көлік торабы арқылы өтеді. Ал жүктердің едәуір бөлігі Қазақстанның солтүстік өңірлерінен келеді. Бұл терминал еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын орталық болмақ. Яғни Алматы облысы арқылы импорт және экспорт жүктері өзге өңірлер мен көрші мемлекеттерге жөнелтіледі.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауының арқасында транзит саласы қарқынды дамып келеді.
Қазақстан – Азия мен Еуропаны байланыстыратын табиғи көпір. Егер бұл мүмкіндікті толық пайдаланатын болсақ, транзит ел экономикасына мұнайдан да көп табыс әкелуі мүмкін», – деді Қанат Шоқанұлы.
Іс-шара барысында қонақтарға орталықтың жұмысы таныстырылып, алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты. Осылайша терминал алғашқы жұмысын бастады.
Логистикалық орталықта 45 тонна жүкті көтере алатын арнайы кран орнатылған. Ол сағатына 25 контейнерді қабылдай алады. Айына 111 мың тоннадан астам жүкті өңдеуге қауқарлы. Қазіргі таңда кешенде астық терминалының құрылысы басталған. Бұл жұмыстар аяқталған соң 14 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға мүмкіндік туады. Жоба құрылысын EPC тәсілімен Coteccons KZ компаниясы жүзеге асырды.
Жаңа терминал Алматы облысындағы жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, тауарды қабылдау, сақтау және әрі қарай жөнелту жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің сауда байланысын дамытуға, кәсіпкерлер үшін тасымал үдерісін тиімді ұйымдастыруға оң ықпал етпек.