
Алматы облысында өткен Basqaru Race Nation Kazakhstan 2026 жарысына елімізден және басқа да мемлекеттерден келген шамамен 1800 адам қатысты. Олар арқанмен өрмелеп, биік қабырғалардан асып, лай мен суды еңсеріп, күш-жігерді талап ететін түрлі кедергілерден өтті. Сайыс биік өрлері бар таулы жерде ұйымдастырылды.
Алматы облысының еріктілері мен белсенді жастары трассаның жекелеген учаскелерінде кезекшілік етіп, күрделі кедергілерден өткен спортшыларға көмектесті. Қажет болған жағдайда қатысушылардың жағдайы туралы ақпаратты медицина қызметкерлеріне хабарлап, оларды ауыз сумен қамтамасыз етті.
Айта кетейік, ауыз су бөтелкелерінде 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтетіні туралы ақпарат орналастырылған. Еріктілер жарысқа қатысушылар мен іс-шара қонақтардың сайлауға қатысты сұрақтарына да жауап берді. Осылайша, ауқымды спорттық шара тұрғындарды Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпараттандыруға арналған қосымша алаңға айналды.
Жарыс барысында қатысушылар мен қонақтарға 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпарат басылған ауызсу таратылды. Осылайша бұқаралық спорттық іс-шара өңір тұрғындары мен қонақтарын дауыс беру күнінен хабардар етті.
Жарыс 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар бойынша ұйымдастырылды. Ең күрделі сынақтар 10 шақырымдық трассада жалғасты, мұнда спортшылар 50-ге жуық түрлі кедергіден өтуге тиіс болды.
Балалар үшін де жеке кедергілер жолағы ұйымдастырылды. 7-10 жас аралығындағы қатысушылар 1 шақырым, ал 11-14 жастағылар күрделірек элементтері бар 2 шақырымдық қашықтықты еңсерді. 15 жастан асқан жасөспірімдер 3 шақырымдық ересектерге арналған дистанцияға шыға алды. Ұйымдастырушылар ата-алалардың келісімімен дайындығы жақсы бүлдіршіндердің де жарысқа қатысуына мүмкіндік берді. Осылайша, ең жас қатысушысы шамамен бес жаста болды.
Бұл жарыс өңірдің туризм саласы үшін де маңызды оқиғаға айналды. Алматы облысының Туризм басқармасы мұндай ауқымды спорттық іс-шаралар өңірдегі спорттық және оқиғалық туризмнің дамуына серпін беретінін атап өтті. Өйткені жарысқа спортшылармен бірге олардың отбасы мүшелері мен жанкүйерлері де турист ретінде келеді.
Жарыста 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар бойынша жеңімпаздар анықталды. «Elite 10» санатында 18-39 жас аралығындағы ерлер арасында бірінші болып 1:16:39 уақытта Ресейден келген Дмитрий Горев мәреге жетті. Одан қазақстандық Алмас Рахымбаев небәрі 59 секундқа қалып, 1:17:38 нәтижесімен екінші орын алды. Үшінші орынға Әли Рахметов ие болды, ол 1:19:54 уақытта келді. Әйелдер арасында ең үздік нәтижені Анастасия Алексеева көрсетті, ол 2:10:25 уақытта жарыс мәресін сызды.
«Elite 5» санатында ерлер арасында Қырғызстан өкілі Арсений Шашичев 59:55 нәтижесімен жеңіске жетті. Қазақстандық Дархан Сүйімбаев 1:00:53 нәтижесімен екінші орын алса, Әшім Жұмабеков 1:03:20 нәтижесімен үшінші орыннан көрінді. Әйелдер арасында қашықтықты ең жылдам бағындырған қазақстандық Олеся Грязнова болды, ол 2:17:25 уақытта келді.
«Elite 10 (40+)» санатында ерлер арасында жеңісті Ильназ Басыров 1:25:31 нәтижесімен жеңіп алды. Әйелдер арасында Анастасия Цехотская 2:34:37 нәтижесімен үздік атанды. 5 шақырымдық командалық жарыста Sprint Club Almaty, ал 10 шақырымдық командалық сайыста Jaubasar Almaty жеңімпаз болды.
Basqaru Race Nation Kazakhstan 2026 жарысының жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Іс-шараны «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Жалпы Race Nation жарысы Қазақстанда 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде кейбір қатысушылар балалар арасындағы жарыстардан бастап, толыққанды ересектер арасындағы бәсекелі қашықтықтарға дейінгі жолдан өтті.
Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда еліміздің жаңа Парламенті — Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.