
Алматы облысының 16 өкілі 2026 жылғы 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Қырғыз республикасында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының алдын ала тізіміне енді. Этникалық спорт түрлерін дәріптейтін әлемдегі ең ірі халықаралық дода спорттық жарыстарды ғана емес, мәдени және ғылыми бағдарламаларды да қамтиды. Биылғы ойындарға әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңнан астам спортшының қатысуы күтілуде.
Алматы облысы ұлттық спорт түрлерін дамытуда еліміздегі жетекші өңірлердің бірі ретінде биыл да Қазақстан құрамасын жасақтауға қомақты үлес қосты. Алдын ала мәлімет бойынша, көкпардан ел намысын облыстың бес спортшысы қорғайды. Атап айтқанда, Қазақстан республикасының спорт шеберлері Жаманқара Самат, Алипбаев Ынтымақ және Әзімбай Бақытжан, сондай-ақ Қазақстан республикасының спорт шеберлігіне кандидаттар Пермебай Нұржігіт пен Тоқтанай Айбар ұлттық құрама сапына енгізілді.
Командадағы тәжірибелі спортшылардың бірі – Әзімбай Бақытжан. Ол 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, көкпардан алтын медаль жеңіп алып, ел құрамасының әлемдегі үздік команда екенін дәлелдеуге өз үлесін қосты.
«Кез келген спортшы үшін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ерекше жарыс. 2024 жылы Астанада өткен ойындарда Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетіп, алтын медаль иелену бақыты бұйырды. Ол – ешқашан ұмытылмайтын әсер мен жанкүйерлер алдындағы үлкен жауапкершілік болды. Енді алдымызда жаңа міндет тұр – Қырғыз жерінде Қазақстанның абыройын лайықты қорғау. Қарсыластардың деңгейі өте жоғары екенін жақсы түсінеміз, сондықтан бар күшімізді салып дайындалып жатырмыз. Жанкүйерлерімізді тартысты ойынмен және жоғары нәтижемен тағы бір қуанта аламыз деп сенемін», – деді Әзімбай Бақытжан.
Сонымен қатар, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін бәйге жарыстарына қатысуға Алматы облысының 11 жас спортшысы үміткер атанды. Олар: Гариполлин Мерей, Санжар Иринатұлы, Ерсұлтан Жарқын, Ержан Нұрсұлтан, Асылжан Төлеген, Өмекей Санжар, Айсұлтан Саматұлы, Тұрғанбек Абзал, Әмір Сералы, Төрехан Бейбарыс және Есімбек Есентай.
Сондай-ақ ұлттық құраманың ресми өкілдері қатарында Алматы облысының Ұлттық спорт түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының директоры Елдос Тлебалдиев төреші ретінде қызмет атқарады.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ұлттық спорт түрлері мен халқымыздың мәдени мұрасын әлемге танытатын ең ірі халықаралық алаң. Алматы облысы спортшыларының ұлттық құрама сапына қайта енуі өңірдегі дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Әсіресе, тәжірибелі спортшылармен қатар жас буынның да мүмкіндік алуы қуантады. Олар – ертеңгі ұлттық спорттың жарқын болашағы», – деді Елдос Тлебалдиев.
Еске салсақ, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылы Астана қаласында өтіп, оған әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысты. Жарыстарда спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ал келесі, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу құқығы Қырғыз республикасына берілді.
Қазақстан ұлттық құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын түпкілікті құрамы барлық дайындық кезеңдері мен іріктеу жарыстары аяқталғаннан кейін бекітіледі.