Марат Сұлтанғазиев Шелек ауылындағы әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді

Марат Сұлтанғазиев Шелек ауылындағы әлеуметтік нысандардың құрылысын тексерді

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан және жаңадан бой көтеретін нысандарға арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Олардың қатарында аурухана, мектеп, тұрғын үй, саябақ және көшелердің жөндеу жұмысы бар. Аймақ басшысы созбаққа салынып кеткен кей жобаларға қатысты жауапты мамандарға ескерту жасап, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен жаңадан салынатын аурухана аумағына табан тіреді. Қазіргі таңда медициналық нысанның жер телімі белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Осы жылдың аяғына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынады деп жоспарланған. Құрылыс аумағы – 8500 шаршы метрге жуық. Жоспар бойынша бас корпус, инфекциялық және шаруашылық корпус, жекелеген функционалдық аймақтарды байланыстыратын галерея қарастырылған. Пайдалануға берілгеннен кейін бір мезетте 300-ге жуық адамды қабылдайтын болады.

«Ауруханаға апаратын жол және автотұрақ мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Себебі тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Медициналық көмекке жүгінетін тұрғындар саны көп. Нысанның жанында салынған үйлердің орналасуына ерекше мән беру керек. Көлік қозғалысына, қызметкерлер мен емделушілердің жүріп-тұруына ешқандай қиындық болмайтындай жоба барлық талаптарға сай дайындалуы тиіс», – деді Марат Елеусізұлы.

Облыс әкімі Шелек ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім ошақтарына да барды. Соның бірі – Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп. Бүгінде екі қабатты ғимараттың ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары мен спорт алаңының құрылысы 95%-ға аяқталған. Қазіргі таңда абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мектеп биылғы оқу жылында пайдалануға берілу керек еді, бірақ бұл мүмкін болмай тұр. Себебі нысанның жанына жаңа ғимарат бой көтеруде. Мұнда мәжіліс залы, спорт зал және асхана салынады және бұрынғы екі қабатты нысанмен галерея арқылы байланыстырылады. Яғни балаларға қажетті аталған орындар әлі дайын емес. Жаңа нысан жоспар бойынша келесі жылдың наурыз айында аяқталады. Бірақ мердігер құрылысты осы жылдың желтоқсанына дейін бітіреміз деп отыр. Қазіргі таңда балалар осы ауылдағы Абай орта мектебінде оқып жатыр.

Марат Сұлтанғазиев құрылысты тездетіп аяқтап, көгалдандыру жұмысын жүргізіп, суару желілерін орнатуды тапсырды. Нысанның қоршауын да ретке келтіру керегін айтты. Сондай-ақ білім ошағын сапалы орындық, парталармен, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуді міндеттеді.

Шелек ауылындағы 1975 жылы салынған Розыбакиев атындағы орта мектепке осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жұмысты бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Дегенмен жобаның құны дұрыс есептелмеген. Аймақ басшысы жауапты басқарма басшыларына қаржыны орынсыз жұмсауға болмайтынын қаперге салды.

«Бізде қала мен ауыл мектебі арасындағы алшақтықты жоямыз деген жоспар бар. Тапсырма да белгіленген. Ал сіздер бір ауылдың ішіндегі екі мектептің айырмашылығын ретке келтіре алмай отырсыздар. Жобалық-сметалық құжаттарын дұрыстап дайындап, қаражатты тиімді пайдалану қажет. Жөндеу жұмысы біткенше балаларды жағдайы талапқа сай келетін мектептерге ауыстыру жайын да қарастыру керек», – деді облыс әкімі.

Одан әрі А.Шымболатов атындағы орталық саябаққа барды. Бұған дейінгі іссапар кезінде суару жүйелерін орнатып, көгалдандыру, абаттандыру жұмысын қолға алуды, ойын алаңын салуды міндеттеген болатын. Бірақ саябақта ешқандай өзгеріс байқалмайды. Аудан әкімдігінің сөзінше, жоба дайын болған соң құрылыс басталады. Марат Елеусізұлы жұмысты тездету керегін баса айтып, бақылауды күшейтуді тапсырды.

Іссапар барысында ауылдағы көше жолдарын орташа жөндеу барысын да тексерді. Қазіргі уақытта Момышұлы, Малай батыр, Әбдікәрімов, Абай және Жібек жолы көшелерінде жолдың төменгі қабатына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолын салу және арық жүйелерін орнату ісі атқарылуда. Одан бөлек Қайыпов, Вихрев, Нұрғазин және Қабылов көшелерінде жөндеу жұмысы басталды. Мұнда ескі арық су құбырлары алынып, орнына металл құбырлар жүргізілді. Сондай-ақ 2151 метр тротуар бордюры мен 2100 су ағар науа қойылған.

«Жұмысшылар саны жеткіліксіз екені көрініп тұр. Жобаларды іске асыру ұзаққа созылып кетті. Өткен жолы келгенде басталған жұмысты аяқтамай, келесіге өтпеу керегін ескерттім. Орталық көшелерді бірінші аяқтауды тапсырдым. Қазір Жібек жолын толық бітірмей, басқасына көшіп жатырсыздар. Тұрғындар мен мұнда келген қонақтар осы көшемен кіріп-шығады. Ауылдағы басты жол мұндай жағдайда болмау керек. Барлық күш әуелі осында жұмылдырылуы тиіс. Қалғанын кезең-кезеңімен аяқтайсыздар. Жолдардың барған сайын тарылып бара жатқанын да байқадық. Жобалық-сметалық құжаттаманы дұрыстап қарап, қателік болса түзету керек», – деді өңір басшысы.

60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. 120 пәтерден тұратын қос тұрғын үй 2024 жылдың тамыз айында яқталу керек болған. Бірақ жұмыстың жартысы ғана атқарылған. Сол үшін мердігер сотқа беріліп, басқа компаниямен келісімшарт жасалған. 2026 жылғы 10 тамызға дейін аяқтау мерзімі белгіленген. Бірақ қазір екі нысанда да құрылыс жұмысы тоқтап тұр. Мердігер мекеме өкілі компания басшысы ауысқанын алға тартып, келісімге өзгерту енгізуді сұрады.

Марат Елеусізұлы құжатта көрсетілген баға бүгінгі нарыққа толығымен сай келетінін, жауапкершіліктен жалтармай, жұмысты уақытында аяқтау керегін жеткізді. Егер 10 тамызға дейін құрылыс аяқталмаса, тиісті органдарға шағымданып, мердігерді өзгертуге тура келетінін ескертті.