
Талғар ауданында жастар арасында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының XXIV чемпионаты мәресіне жетті. Бір апта бойы еліміздің 15 өңірінен келген 100-ге жуық үздік спортшы Қазақстан чемпионы атағымен қатар, қараша айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына берілетін жолдамалар үшін бақ сынады.
Жарыс U-19 және U-21 жас санаттары бойынша халықаралық ережелерге сәйкес үш дисциплинада – классика, рапид және блиц түрлерінде өткізілді. Мұндай формат классикалық партияда да, уақыт шектеулі ойындарда да жоғары нәтиже көрсете алатын әмбебап ойыншыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан ұлттық құрамасының тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовтің айтуынша, бұл чемпионат жас спортшылар үшін үлкен сынақ болды.
«Көптеген қатысушылар үшін бұл турнир спорттағы шеберлікті шыңдайтын маңызды кезеңге айналды. Мұнда теорияны жақсы білу немесе ойын техникасының мықты болуы жеткіліксіз. Әртүрлі дисциплиналарға тез бейімделіп, психологиялық қысымды еңсере алған спортшылар ғана жеңіске жетеді. Осындай жарыстарда Қазақстан ұлттық құрамасының болашақ негізгі құрамы қалыптасады», – деді ол.
Алматы облысының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Ерболат Қылышбаев қазіргі ойыншылардың батыл ойынымен және тың шешімдер қабылдауға ұмтылысымен ерекшеленетінін атап өтті.
Рапид бағдарламасының U-19 санаты бойынша қыздар арасында Батыс Қазақстан облысының өкілі Самира Оразмұханбет чемпион атанды. Екінші орынды Қостанай облысынан келген Айым Әлібекқызы, үшінші орынды Павлодар облысынан қатысқан Аружан Салмен иеленді. Ал аталған санат бойынща ұлдар арасында Алматы қаласының спортшысы Мейірлан Нұрланұлы жеңімпаз атанса, Қостанай облысының намысын қорғаған Айдын Жақиев күміс, Павлодар облысынан келген Надир Ахметов қола медальды жеңіп алды.
U-21 санатында қыздар арасында Нұрай Мектепхан (Қызылорда облысы) чемпион атанды. Екінші орын Ақбота Намазға (Түркістан облысы), үшінші орын Әсем Дәуренбекқызына (Қызылорда облысы) бұйырды. Ұлдар арасында Ақтөбе облысының өкілі Қайрат Тұрарбек алтын медаль иеленсе, Алматы қаласының қатысушысы Елдар Дәкен күміс, Ақтөбе облысының өкілі Алмас Тілегенов қола жүлдегер атанды.
Блиц сайысында U-19 санатындағы қыздар бәсекесінде Абай облысының спортшысы Аяна Исахан жеңіске жетті. Екінші орынды Самира Оразмұханбет (Батыс Қазақстан облысы), үшінші орынды Дильназ Жанат (Павлодар облысы) иеленді. Ал ұлдар арасында Надир Ахметов (Павлодар облысы) чемпион атанса, Махмұтжан Азимхан (Астана қаласы) күміс, Айдын Жақиев (Қостанай облысы) қола медаль алды.
U-21 санатында қыздар арасында Аяна Темірболатова (Павлодар облысы) бірінші орынға қол жеткізді. Ақбота Намаз (Түркістан облысы) күміс, Талшын Тарғынбекова (Қостанай облысы) қола жүлдегер атанды. Ұлдар арасында Алматы облысының өкілі Ернұр Батыр чемпион атанып, Елдар Дәкен (Алматы қаласы) екінші, Диас Жанбау (Ақтөбе облысы) үшінші орын алды.
Классика бағдарламасында U-19 қыздар арасында Самира Оразмұханбет (Батыс Қазақстан облысы) алтын медаль жеңіп алды. Виктория Белицкая (Түркістан облысы) күміс, Аружан Салмен (Павлодар облысы) қола жүлдеге ие болды. U-19 ұлдар арасында Ердәулет Оралбай (Түркістан облысы) чемпион атанса, Ерсұлтан Жалғасбай мен Айдын Жақиев (екеуі де Қостанай облысынан) жүлделі орындарды бөлісті.
U-21 қыздар арасында Ақбота Намаз (Түркістан облысы) чемпион атанды. Аяна Темірболатова (Павлодар облысы) екінші, Нұрай Мектепхан (Қызылорда облысы) үшінші орын иеленді. Ұлдар арасында Елдар Дәкен (Алматы қаласы) алтын медальды жеңіп алды. Алматы облысының өкілі Ернұр Батыр күміс, Ақтөбе облысының спортшысы Алмас Тілегенов қола медальға ие болды.
15-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасындағы алғашқы әлем чемпионы, 2025 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған Ернұр Батыр турнирдегі бәсекелестіктің өте жоғары болғанын айтты.
«Әр партия ерекше зейін қойып, мұқият болуды талап етті. Қарсыластар өте мықты дайындалғандықтан, қателесуге жол жоқ екенін сездім. Алматы облысының намысын абыроймен қорғап, ел чемпионы атағын қайта растағаныма қуаныштымын. Жаттықтырушыларыма, командамызға және қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге алғыс айтамын», – деді спортшы.
Жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы чемпион атанды. Екінші орынды Алматы қаласының командасы, ал үшінші орынды Павлодар облысының құрамасы иеленді.