Мектеп формасын белгілі бір брендтен сатып алуға міндеттеу заңсыз

Мектеп формасын белгілі бір брендтен сатып алуға міндеттеу заңсыз

Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысының білім басқармасы мектептерге міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды еске салып, білім беру ұйымдарының ата-аналардан мектеп формасын белгілі бір өндірушіден, брендтен, тігін шеберханасынан немесе дүкеннен сатып алуды талап етуге құқығы жоқ екенін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, мектеп формасына қойылатын талаптар салалық министрліктің тиісті бұйрығымен реттеледі. Құжатқа сәйкес, мектеп бірыңғай стильді, түсті және оқушылардың сыртқы келбетіне қойылатын жалпы талаптарды белгілей алады. Алайда ата-аналарды мектеп формасын белгілі бір жерден сатып алуға міндеттеуге жол берілмейді.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшыларына мектеп формасына қатысты кез келген шешім ата-аналар қауымдастығының қатысуымен ашық түрде және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қабылдануы тиіс екені ескертілді.

Бұдан бөлек, білім басқармасы аталған талаптардың бұзылғаны туралы өтініштер келіп түскен жағдайда тиісті тексеру жүргізілетінін хабарлады. Егер заң бұзушылық фактілері расталса, жауапты тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.
Мектеп формасын тек белгілі бір сатушыдан сатып алуды талап ету немесе өзге де құқықтарының бұзылуына тап болған ата-аналар Алматы облысының білім басқармасына немесе аудандық білім бөлімдеріне жүгіне алады. Әрбір өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатын болады.