
Алматы облысында жол апатынан көз жұмғандар саны азайды. Алғашқы жарты жылдың қорытындысы бойынша тас жолда қаза тапқандар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 32%-ға төмендеді. Бұған қауіпті жолдарда орнатылған камералар оң ықпал еткен. Бейнебақылаудың көмегімен 6 айдың ішінде жол ережесін бұзған азаматтарға 10,1 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 8,16 млрд теңгесі өндірілді. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының жиынында мәлім болды.
Биылғы қаңтар-маусым айларында облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы белгіленген жоспарды 100,7%-ға орындаған. Әсіресе туристік нысандардағы интернет мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, биылғы шілде айының басында «Көшпенділер қаласында» сапалы интернет желісі орнатылды. Ал ASP арена кешеніне тамыз айында қосымша мобильді байланыс қосылады. Сондай-ақ Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қарқарадағы өткізу пункті мен Қара шатқал аймағына базалық станция орнату мәселесі пысықталуда. Алатау қаласындағы байланыс мәселесі де басты назарда. Қазіргі таңда «Алматы – Қонаев» автожолының бойындағы Жетіген бұрылысында жеке инвестор антенна-діңгек құрылысын аяқтап, базалық станция орнату жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар Жаңаарна және Құйған шағын аудандарында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталды. Бір ай ішінде тұрғындар жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Одан бөлек жақын арада өңірдегі елді мекендерде 16 базалық станция іске қосылады (Қонаев қаласында – 2, Жамбыл ауданында – 7, Қарасай ауданында – 4, Іле, Ұйғыр, Райымбек аудандарында – 1).
Камералардың тиімділігін арттыру бойынша да жүйелі жұмыс атқарылуда. Олардың адам көп шоғырланған және көлік жиі жүретін аумаққа қойылуына ерекше мән берілген. Осыған байланысты 325 аппараттық-бағдарламалық кешеннің 33-інің орны ауыстырылды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмыс істеуін бақылауда ұстауды тапсырды.
«Камераларды тек орнатып қою жеткіліксіз. Әрқайсының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын қадағалау керек. Сонымен қатар полиция департаментімен бірлесіп, қоғамдық орындарды ластау, шылым шегу сияқты әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарды осы камералар арқылы анықтап, заң аясында жауапкершілікке тарту қажет. Жаңа өзгеріске сәйкес енді тұрғындар өз үйінің айналасындағы 5 метр радиустағы аумақтың тазалығына жауапты. Сондықтан бұл талаптың орындалуына да ерекше мән берілуі тиіс. Осылайша цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуына нақты қызмет етеді», – деді аймақ басшысы.