
Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтағы шаруашылық басшыларымен кездесу өткізді. Жиынға аграрлық несие корпорациясы, ҚазАгроҚаржы, азық-түлік келісімшарт корпорациясы акционерлік қоғамы өкілдері, салалық басқарма, департамент басшылары, қала, аудан әкімдіктері мен шаруашылық құрылымдардың төрағалары қатысты. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту барысы мен жаңа бастамаларды іске асыру жайы қарастырылып, өзекті мәселелер талқыланды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыс республикада 2-орында тұр. Еліміздегі бұл бағыттағы өнімнің 12,2% пайызы Алматы облысына тиесілі. Оның ішінде тамақ өнеркәсібінде 284,8 млрд теңгеге дайын өнім шығарылып, нақты көлем индексі 19,1%-ға өсті. Ал азық-түлік өнімінің экспорт көлемі 5 айда 41,4%-ға артқан. Инвестиция көлемі де 2 есеге ұлғайған.
2022 жылдан бері өңірде барлығы 1 млн 270 мың гектар пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жері анықталған. Бүгінде оның 563 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.
Облыста 92,1 мың гектар аймаққа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жылдық жоспар 101,6%-ға орындалды. Аталмыш агротехнология 90 млн текше метрге дейін ағын суды үнемдеп, өнім көлемін 265 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биыл егіс алқабы 9 мың гектарға көбейіп, 438 мың гектарға дән себілді.
Мал шаруашылығы саласында да оң серпін сақталып отыр. Облыс құс саны бойынша республикада екінші, ал ұсақ мал басына орай үшінші орынды иеленген. Еліміздегі құс етінің 27%-дан астамы өңірде шығарылады. Ал биыл мал басы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 4,8%-ға артқан. 2026-2027 жылдары облыста 94 ветеринариялық пункт және 52 мал қорымын салу жоспарланған. Осылайша 2028 жылы өңір ветеринарлық нысандармен толық қамтамасыз етіледі.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау және субсидия беру саясаты аясында жергілікті бюджеттен 39,2 млрд теңге қарастырылып, қазіргі таңда оның 29,8 млрд теңгесі шаруашылықтарға берілді.
Балық шаруашылығы бойынша Алматы облысында «Балық мектебі» білім беру, тәжірибе алмасу орталығы жұмыс істейді. Онда соңғы 5 жылда еліміздің әр аймағынан келген 300-ден астам азамат дайындық курсынан өткен. Оның 15-і облыста өз кәсібін ашты. Нәтижесінде балық өндірісі 29%-ға, экспорт көлемі 27%-ға ұлғайды. Қазіргі таңда өнім Дания, Нидерланд және Польша мемлекеттеріне жіберілуде. Сондай-ақ биыл балық шаруашылығы саласында жалпы құны 3,6 млрд теңге болатын ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Кездесуде Айдарбек Сейпілұлы өсімдік және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі жайлы сөз қозғап, елімізде қайта өңдеу мен ветеринария қызметін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, нақты іспен айналысамын деген кәсіпкер үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығындағы техниканы жаңарту, су үнемдеу жүйелерін енгізу, мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беру керегін жеткізді.
Жиын соңында шаруашылық өкілдері өндірісті цифрландыру, қаржыландыру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, электр энергиясы мен газ тарифтеріне қатысты сауалдарын қойды. Ал жауапты мамандар оларға тұщымды жауап берді.