
Қарасай ауданының Кемертоған ауылында су құбыры жүйесі жаңартылып, жаңғыртудан өтуде. Жоспар бойынша әрқайсының сыйымдылығы 1 400 текше метр болатын екі резервуар, екі су ұңғымасы салынып, ұзындығы 184 шақырымнан асатын магистральдық және абоненттік су желісі тартылады. Нәтижесінде 18 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. Құрылыс жұмысы келесі жылдың аяғына дейін толық аяқталады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінде Кемертоған ауылында 40 мыңнан астам халық бар. Тұрғындар саны күн санап артып келеді. Сол себепті су жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Көбі ауласындағы құдық суын пайдаланады. Бірақ оның сапасы өте нашар. Сондықтан қолға алынған жобаны жедел іске асыру өте маңызды.
Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы су желісінің сапасына ерекше мән беру керегін баса айтып, халық игілігі жолындағы жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар мен матариалдар әкелініп, 10 шақырым манистральды желі салынды. Биылға қажет 2,4 млрд теңге қаражат толығымен бөлінген.
Марат Елеусізұлы сондай-ақ Іле ауданы Қараой ауылдық округіндегі «Чала», «Құралас» және «Қосөзен» магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жобасы іске асырылып жатқан алаңда болды. Жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда аталған каналдар арқылы 2 090 гектар ауыл шаруашылығы жері суғарылып жатыр. Жоба толық аяқталған жағдайда бұл көрсеткіш 2 815 гектарға жетіп, қосымша 725 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.
Аймақ басшысы Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылындағы «Smart Adam Agro» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Компания құны 1,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Кәсіпорын 900 гектар суармалы алқапта автоматтандырылған суару жүйесін енгізуде. Биыл 200 гектар жерге күздік дақыл егілген. Оның 190 гектарына қыша, 10 гектарына зығыр себілді. Көктемде жоңышқа алқабын 400 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Шаруашылықта жоңышқа мен қызанақ та өсірілуде.
«Заманауи агротехнологияларды енгізу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және қайта өңдеу өндірісін дамыту – азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын құрудың негізі. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті шешімдерді қабылдап, қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.