Қонаев қаласында тәулігіне 25 мың текше метр шайынды суды сүзгіден өткізетін кәріз кешені салынуда

Қонаев қаласында тәулігіне 25 мың текше метр шайынды суды сүзгіден өткізетін кәріз кешені салынуда

Алматы облысында тәулігіне 25 мың текше метр кәріз суын тазартатын сорғы станциясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қонаев қаласында қолға алынған жоба негізінде ұзындығы 36 шақырым болатын коллектор, үш кәріз-сорғы станциясы және барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым салынады. Бұл жоба іске қосылғанда қаладан шығатын шайынды сулар сүзгіден өтіп, жағымсыз иіс пен экологияға тигізер зардабы азаяды. Ал тазартылған су техникалық мақсатта қолданылып, ауыл шаруашылығы мен суару жүйесіне пайдаланылады деп жоспарлануда.

Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ірі жоба салынып жатқан аумаққа арнайы барды. Қазіргі таңда құрылысқа қажетті барлық қолайлы жағдай жасалып, жоба бекітілген жоспарға сәйкес іске асырылуда. Жалпы құны – 33,1 млрд теңге. Нысандағы барлық жұмыс келесі жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады. Қазіргі таңда жобаны іске асыруға шамамен 6,7 млрд теңге жұмсалған. Мұнда 100-ден астам адам еңбек етіп, 43 арнайы техника жұмылдырылған.

«Егер су жеткіліксіздігі туындаса, Іле өзенінен су тарту керек. Сондай-ақ кәріз-сорғы станциясының айналасына жыңғыл, тораңғы сияқты ағаштарды отырғызып, көгалдандыру жұмысын жүргізуге болады», – деді аймақ басшысы.

Қазіргі таңда құрылысшылар жер қазу жұмыстарын аяқтап, инженерлік желілерді тартып, негізгі технологиялық жабдықтарды монтаждауға дайындық жасауда. Қажетті материалдар мен жабдықтардың бір бөлігі нысанға жеткізілген.

Жаңа нысан іске қосылғанда кәріз суын заманауи талаптарға сай тазартуға мүмкіндік туады әрі қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді. Жағымсыз иістің таралуына жол бермей, тұрғындардың экологиялық таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалады.