Алматы облысында аптап ыстыққа байланысты жолдар мен қоғамдық орындарда аэрация жұмыстары күшейтілді.

Алматы облысында аптап ыстыққа байланысты жолдар мен қоғамдық орындарда аэрация жұмыстары күшейтілді.

Бұл шаралар жол жабынының температурасын төмендетуге, ауадағы шаң-тозаңды азайтуға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және жоғары температураның жол инфрақұрылымына кері әсерін азайтуға бағытталған.

Аэрация жұмыстары күніне төрт рет – сағат 11:00, 13:00, 15:00 және 17:00-де жүргізіледі. Ол үшін суару-жуу құрылғыларымен жабдықталған, сыйымдылығы 8 текше метр болатын ондаған су таситын көлік жұмылдырылды.

Ауаны ылғалдандыру шаралары Қонаев қаласында, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында жүргізіліп, 15 көше мен қоғамдық нысанды қамтыды. Атап айтқанда:

• Қонаев қаласы – Қонаев көшесі → Алматинская көшесі → Абай көшесі; Жамбыл көшесі → Сейфуллин көшесі → Сырдария көшесі → Қойшыманов көшесі бағыттары, сондай-ақ №6 қалалық жағажай және Сейфуллин көшесі, 8А мекенжайындағы балалар ойын алаңы.
• Қарасай ауданы (Қаскелең қаласы) – Абылай хан, Наурызбай батыр, Байғазиев және Омарәлиев көшелері.
• Іле ауданы – Жансүгіров және Батталханов көшелері.
• Еңбекшіқазақ ауданы (Есік қаласы) – Есік аллеясы және Абай көшесі.
• Талғар ауданы (Талғар қаласы) – Қонаев көшесі → Ломоносов көшесі → Талғар қаласының қақпасынан әкімдік ғимаратына дейінгі бөлік → әкімдік маңынан ХҚКО-ға дейінгі аралық → Абай көшесі.

Бұл жұмыстарды атқару үшін 11 мердігер ұйым тартылды. Олар арнайы техниканың уақытылы шығуын қадағалап, жұмысты бекітілген кестеге сәйкес іске асырады.

Сонымен қатар тұрғындар көп жиналатын қоғамдық орындарға арнайы техника су бүркіп, аптап ыстықты жеңіл өткеруге көмектесуде. Бұл әсіресе балалар үшін жазғы демалысын қызық әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беруде. Аталған жұмыстар 20 шілдеге дейін жалғасады.