
Еңбекшіқазақ ауданында Алматы облысы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төрағалығымен өткен жиында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.
Комиссия отырысына облыстық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ онлайн форматта аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Көшпелі отырыстың Еңбекшіқазақ ауданында өткізілуі жүргізілген талдау қорытындыларына байланысты болды. Ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмысты жетілдіру бағытында шешуді қажет ететін мәселелер анықталған.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев әрбір оқиғаның себеп-салдарын жан-жақты зерделеп, оның қайталануына жол бермейтін нақты ұйымдастырушылық шешімдер қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Сондықтан әрбір уәкілетті орган атқарылған жұмыстармен қатар, анықталған кемшіліктерді жоюдың нақты тетіктерін ұсынуы тиіс.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков баяндама жасап, ауданда жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы ақпарат берді. Еңбекшіқазақ ауданындағы жалпы білім беретін 85 мектепте 55 мыңнан астам оқушы бар. баяндамашының сөзінше, барлық білім беру ұйымында жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Прокурордың жас көмекшісі», «Жас сақшы», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы» сияқты патриоттық және құқықтық бағыттағы сыныптар жұмыс істеп, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында құқық қорғау қызметі өкілдерінің қатысуымен жүздеген құқықтық іс-шара өткізіліп, тәуекел тобындағы балалармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, аудандағы білім беру мекемелерінде бүгінде мектепішілік есепте 81 оқушы, ал Полиция басқармасының профилактикалық есебінде 4 оқушы тіркеуде тұр. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданында кәмелетке толмағандар арасында 13 қылмыс тіркелген.
Жиында балалар арасындағы келеңсіз жағдайлардың негізгі себептері ретінде ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі, отбасындағы қолайсыз психологиялық ахуал, ата-ана бақылауының жеткіліксіздігі, буллинг пен кибербуллинг, әлеуметтік желілердің теріс ықпалы және психологиялық көмектің уақытылы көрсетілмеуі аталды.
Алматы облысы бойынша Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова білім беру ұйымдарында тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау, оларды жеке сүйемелдеу жүйесін жетілдіру, психологиялық диагностиканы толық қамту және педагог-психологтардың жұмысындағы сабақтастықты қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.
Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева балалардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған жұмыстарды күшейту, «Әкелер мектебі» жобасын дамыту, тәлімгерлік кездесулерді көбейту, спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысуды кеңейту маңызды екенін айтты. Сонымен қатар мектеп психологтарының еңбек жағдайын жақсарту мәселесіне назар аударды.
Облыстық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Дәулет Шайтұрсын психологиялық қызметтердің сапасын арттыру, мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру және білім беру ұйымдарында кешенді талдау жұмыстарын жүргізудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органдарындағы кадр тапшылығының алдын алу бағытында жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында «Әр баланың өмірі мен қауіпсіздігі – елдің ертеңіне деген жауапкершіліктің ең маңызды өлшемі. Бүгін қаралған мәселелер тек Еңбекшіқазақ ауданына ғана қатысты емес. Сондықтан барлық аудан және қала әкімдіктері өз аумағындағы ахуалға кешенді талдау жүргізіп, тәуекелдерді бағалап, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты шаралар қабылдауы қажет», – деген облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев көшпелі комиссия отырысындағы шешімдер мен берілген тапсырмалар облыстық комиссияның тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.