
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері Алматы облысында аптап ыстық сақталады. Өңірдің кейбір аудандарында ауа температурасы +43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға сағат 11:00 мен 17:00 аралығында тікелей күн сәулесінің астында ұзақ уақыт болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге, жеңіл әрі ашық түсті киім киіп, бас киімсіз жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, сондай-ақ ауа райы болжамдары мен ескертулерді тұрақты түрде бақылап отыруға кеңес береді.
Дәрігерлер егде жастағы азаматтарға, балаларға, жүкті әйелдерге және жүрек-қан тамырлары мен созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше сақ болуды сұрайды. Қатты әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, тыныс алудың қиындауы немесе есінен тану белгілері байқалған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну немесе 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыру қажет екенін ескертеді.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 13 маусымнан бері, яғни аптап ыстық басталғалы, өңірдегі медициналық ұйымдарға 1 488 адам жүгінген. Олардың 367-сі ауруханаға жатқызылса, 471 тұрғынға мобильді медициналық бригадалар үй жағдайында көмек көрсеткен. Тағы 650 адам емханаларда медициналық көмек алды. Медициналық көмекке жүгінудің негізгі себептері ретінде бас айналу, бас ауруы, артериялық қан қысымының жоғарылауы, ентігу, мұрыннан қан кету, жалпы әлсіздік пен жоғары ауа температурасының әсерінен денсаулық жағдайының нашарлауы тіркелген.
Дәрігерлердің айтуынша, қарапайым сақтық шараларын ұстану аптап ыстықты жеңіл өткізіп, күн өтуінің алдын алуға көмектеседі.