«Хантәңірі қазынасы»: Алматы облысында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған ұлан-асыр той өтіп жатыр

«Хантәңірі қазынасы»: Алматы облысында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған ұлан-асыр той өтіп жатыр

Шалкөде жайлауында Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі басталды. Мерейтой аясында 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, түрлі тақырыптар бойынша көрмелер ұйымдастырылды. Онда отандық және халықаралық қолөнершілер мен этнодизайнерлердің, қылқалам шеберлерінің үздік туындылары, ұлттық тағамдар мен ауыл шаруашылығы өнімдері халық назарына ұсынылды. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, кіл мықтылар өзара сынға түсуде. Мәдени-көпшілік іс-шараға Қытай, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан, Грузия елдерінен, Қазақстанның түкпін-түкпірінен қонақтар ағылып келіп, ұлан-асыр тойдың куәсі болуда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Халықаралық фестивальде Райымбек ауданының тарихи даму жолы мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері таныстырылды. Аумалы-төкпелі заманда елдің қауіпсіздігін күзеткен Райымбек батырдың ерлік істері дәріптелді. Асқар шыңды Хантәңірі баурайынан түлеп ұшқан Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Сағат Әшімбаев, Алтынбек Сәрсенбаев және Оразалы Досбосынов сынды біртуар тұлғалардың өнегелі өмір жолы насихатталды. Дала мәдениетін айшықтайтын, қазақ халқының қасиетті «Қарқаралы» жайлау көші көрерменді тарихтың терең қойнауына сапар шектірді. Мәні мен сәні келіскен салтанатты көш көшпелі елдің салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертіп, береке мен бірліктің жаршысына айналды. Шетелден келген шеберлердің шеруі де халықтың ерекше назарына ілікті.

Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев та қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

«Райымбек – тарихы терең, ынтымағы жарасқан берекелі өңір. Осы өнегелі өлкеден көптеген тұғырлы тұлғалар шығып, ұлт мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етті. Қазір аудан халқы ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салаларда қажырлы еңбек етіп, туған жерін көркейтуге атсалысып келеді. Сондай-ақ олар ел тағдырына әсер ететін бастамаларды үнемі қолдап, ұйымшылдықтың озық үлгісін танытып жүр. Аудан тұрғындарының жалпыхалықтық референдумға белсене қатысып, Жаңа Конституцияны қолдауы – соның айқын дәлелі. Осы орайда, аймақты дамытуға зор үлес қосқан азаматтардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да ел игілігі үшін еңбек ете бересіздер деп сенемін», – делінген құттықтау хатта.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде құт қонған, ырыс ұялаған Нарынқол өңірі халқымыздың рухани мұрасы мен тарихи жадының ажырамас бөлігі екенін айтты.

«Бұл – елі үшін туған Райымбек батырдың, Ұзақ пен Жәмеңкенің ерлігі өрілген киелі мекен. Ұлттық рухтың бесігіне айналған осы топырақтан қазақ мәдениеті мен әдебиетінің талай бірегей тұлғалары түлеп ұшты. Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуі – осы өңірден шыққан ұлы тұлғалардың мұрасы халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы. Қазақ поэзиясының Хантәңірі Мұқағали Мақатаевтың жырлары – ұлтымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Сол ұлылықтың ізін ала, сөз өнерінің туын жықпай ілгері сүйреген сыншы Сағатхан Әшімбаев пен жазушы-драматург Баққожа Мұқай да осы топырақтың перзенттері. Ал айтыс өнерінің айтулы өкілдері Еркін Ібітанов пен Оразалы Досбосынов қазақтың сөз құдіретін асқақтатып, төл өнеріміздің мерейін үстем етті. Мұнымен қоса, бұл құтты мекен ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен, ел басқарған саяси және қоғам қайраткерлерін де дүниеге әкелді. Осындай тау тұлғаларды қалыптастырған Райымбек ауданы – ел руханиятының алтын арқауы болып қала береді», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық аймақтарды, стратегиялық маңызы жоғары шекаралық өңірлерді дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға әрдайым ерекше басымдық беретінін айтып, осы бағытта Райымбек ауданында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айтуынша, табиғи байлығы мен тарихи мұрасын сақтай отырып, аудан әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басып келеді. Өзінің аграрлық әлеуетімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, облыс экономикасын өркендетуге зор үлес қосуда. Райымбектің брендіне айналған картоп шаруашылығы мен дәнді-дақылдар өндірісі, мал шаруашылығы – отандық өнімнің алтын стандартына айналып отыр.

«Аумақтың туристік әлеуеті де өте жоғары. Хантәңірі шыңы, тұнық Тұзкөл мен Тастау көлдері, Шалкөде жайлауы бұл өлкені еліміздегі ең көркем өңірлердің біріне айналдырды. Осынау қайталанбас табиғат байлығы треккинг, альпинизм, этнотуризм және экологиялық туризмді дамытуға кең жол ашады. Нарынқол өңірінің осынау экологиялық таза туристік мүмкіндіктері алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын көтеретін, аймақ экономикасын өрге сүйрейтін негізгі қозғаушы күшке айналуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Райымбек ауданының мерейтойына арналған шаралар легі үш күн бойы Тәңіртау төсін думанға бөлеуде. 90 жылдыққа орай Қарасаз ауылында «Құлмамбеттің құлынын құндақтаған өлке» атты айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған II республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. Нарынқол ауылында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған ақын-жазушылардың қатысуымен ғылыми-танымдық конференция өткізілді. Сондай-ақ аудан орталығында облыс өнерпаздары мен еліміздің танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Үш күндік думан бүгін Шалкөде жайлауында қорытындыланады. Мерейтой аясында сондай-ақ «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Бәсекенің жүлдесі де қомақты. Шара қорытындысында табиғаттың тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбілік өткізілмек.