
Алматы облысында Ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, сала мамандарының ерен еңбегі лайықты бағасын алды. Өз ісіне адалдығымен, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар сала қызметкері марапатталды. Атап айтқанда, үздік мамандарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің «Құрмет» грамотасы табысталды.
Мерекелік басқосудың шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы ветеринария қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдегі мыңдаған маманның адал еңбегіне өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ветеринарияның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
«Ветеринар маманы болу терең білім мен жоғары біліктілікті талап етеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы абыройлы кәсіпті адал атқарып, халыққа қауіпсіз өнімнің жетуіне қосып жүрген үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, бүгінде өңірдің ветеринария саласында 1386 маман еңбек етеді. Олар мал денсаулығын қорғаумен қатар, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға өлшеусіз үлес қосуда. Облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің II форумында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту және сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктегенін айтты.
Президент тапсырмаларын орындау бағытында өңірімізде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, соңғы үш жылдың өзінде өңірде 21 ветеринариялық пункт пен 19 мал қорымы пайдалануға берілді. Ал 2026-2027 жылдары қосымша 94 ветеринариялық пункт және 52 мал қорымын салуға жергілікті бюджеттен 4,1 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржы ветеринариялық нысандарға деген қажеттілікті толық өтеуге мүмкіндік береді. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында салаға 100 қызметтік автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ аса қауіпті 12 жұқпалы ауруға қарсы эпизоотиялық іс-шараларды жүзеге асыру үшін 5 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен 123 млн теңгеге 70 сібір жарасы көміндісі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкестендірілді.
Мерекелік жиында сала ардагері Самғат Сүндетбаев бүгінде мемлекет тарапынан ветеринарияға көрсетіліп отырған қолдаудың ауқымы кеңейіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
«Ветеринария – халқымыздың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапкершілігі жоғары сала. Мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп, мамандарға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа ветеринариялық пункттер мен мал қорымдары салынып, қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Мұның барлығы бұл сала мамандары ел дамуына тікелей қызмет ететінін көрсетеді», – деді ардагер.
Осылайша, төрт түліктің саулығын сақтап қана қоймай, тұтас халықтың денсаулығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қорғауда тынбай тер төккен жандар құрметке бөленді. Мерекелік жиын ветеринария қызметінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте айқындай түсті.