Алматы облысында су шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Алматы облысында су шаруашылығы қызметкерлері марапатталды

Бүгін Алматы облысында Су шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ирригациялық жүйелердің үздіксіз жұмысын тәулік бойы қадағалайтын мамандарға құрмет көрсетілді. Іс-шараға сала ардагерлері, «Алматыоблсушар» мекемесінің, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының қызметкерлері, сондай-ақ жобалау және құрылыс ұйымдарының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы құттықтау сөз сөйледі.
«Егістік алқаптарының өнімділігі, аграрлық саланың дамуы және халықтың азық-түлік қауіпсіздігі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Өңірде су қоймалары мен каналдарды жаңғырту, ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар экономиканың өркендеуіне зор үлес қосуда. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын!» – деген Бақытнұр Бақытұлы бұл салада қажырлы еңбек етіп жүрген мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады.

Марапатталғандардың бірі – Тасқұтан су көтергіш бөгетінде инженер-гидротехник болып еңбек ететін Абзал Рахымбаев. Ол «Су шаруашылығының үздігі» ведомстволық төсбелгісінің иесі атанды. Осы салада он жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.

«Бұл марапат – тек менің емес, бүкіл ұжымның еңбегінің нәтижесі. Тасқұтан бөгетінде біз суармалы аймақтарға судың уақытылы әрі тұрақты жеткізілуін бақылаймыз. Әрбір литр су диқандар үшін аса маңызды. Сондықтан біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе суару маусымында демалыс пен мереке деген ұғым болмайды. Бірақ еңбегіңнің арқасында елдің ырысы артып, мол өнім жиналғанын көргенде, мамандығыңның қаншалықты маңызды екенін сезінесің. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын», – деді Абзал Рахымбаев.

Бүгінде мемлекеттік деңгейде кеңінен талқыланып жатқан су инфрақұрылымын дамыту мен су үнемдеу технологияларын енгізу ісі дәл осындай өз кәсібіне адал мамандардың еңбегі арқылы жүзеге асуда. Ардагерлердің мол тәжірибесі мен жас мамандардың жігері су ресурстарын сақтай отырып, болашаққа нық қадам басуға мүмкіндік беріп келеді.