Алматы облысының орталығында кардиологиялық орталық ашылды

Алматы облысының орталығында кардиологиялық орталық ашылды

Қонаев қаласында сәулеті келіскен, шаһардың көркіне көрік қосқан жаңа кардиологиялық орталық пайдалануға беріліп, өңір жұртшылығын зор қуанышқа кенелтті. Жаңа нысан – өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, салу және кадрлық әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесі. Жобаға 3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ең бастысы, мұнда 200 медицина қызметкері үшін жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, тұрғындарды құттықтады.

«Өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мен жоғары технологиялық орталықтар желісін дамыту – мемлекеттің басым бағытының бірі. Бүгін облыс орталығындағы ел игілігіне берілгелі тұрған кардиологиялық орталық – денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызы бар нысан. Сонымен бірге халықтың өмір сапасын арттыруға және жүрек-қан тамыр ауруларымен күресті күшейтуге бағытталған нық қадам. Жүрек-қан тамыр жүйесінің дерті бүгінде елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ең өзекті медициналық мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан мұндай жоғары технологиялы нысанның іске қосылуы – уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім. Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейін толық циклді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, қан айналым жүйесі ауруын диагностикалау, емдеу қызметі көрсетіледі. Сонымен бірге жүрек пен қан тамырлары сырқатын да стационарлық деңгейде емдеу толықтай іске асырылады. Бұл облыс тұрғындарының басқа өңірлерге немесе шетелге бармай-ақ, сапалы медициналық көмекті дер кезінде алуына жағдай жасайды», – деген шаһар басшысы жобаның мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуына атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға және барлық медицина қызметкерлеріне шынайы алғыс білдірді.

Жобаның инвесторы Бекарыс Жали жаңа нысан мемлекеттік қолдаудың, жеке инвестицияның және ортақ еңбектің нәтижесінде іске асып отырғанын атап өтті. Бұл орталықтың ашылу мақсаты өңір тұрғындарына заманауи, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсыну екенін айтқан инвестор осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс пен қала басшылығына және құрылысшыларға жүрекжарды алғысын жеткізді. Сондай-ақ кардиологиялық орталықтың кілтін оның бас дәрігері Асқар Рахматалиевке салтанатты түрде тапсырды.

Жаңа ғимараттың лентасы қиылғаннан кейін бас дәрігер қонақтарға орталықтың барлық бөлмелерін аралатып, нысандағы көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды.

Бұл – жай ғана жаңа медициналық нысан емес, мыңдаған тұрғынның денсаулығын сақтауға, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және заманауи медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды орталық. Жаңа кардиологиялық орталық облыс жұртшылығына қызмет етіп, әрбір тұрғынның денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға және талай жанның өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.