Қазақстан-Таиланд бизнес-форумы: Алматы облысы мен Таиланд арасындағы ынтымақтастық нығаяды

Қазақстан-Таиланд бизнес-форумы: Алматы облысы мен Таиланд арасындағы ынтымақтастық нығаяды

Алматы қаласында Қазақстан мен Таиланд Корольдігінің ресми және іскер топтарының бас қосуымен бизнес-форум өткізілді. Маңызды жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, Таиланд пен өңір арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 15,3 млн АҚШ долларына жеткен, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Форумға сондай-ақ Таиланд Премьер-министрінің орынбасары және Сыртқы істер министрі Сихасак Пхуангкеткео,
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, екі ел арасында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен болашақта бағындыратын белестер жайлы ой бөлісті.

Биыл Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстар тұрақты дамып келеді. Ал соңғы жылдары Алматы облысы мен Таиланд Корольдігі арасындағы сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар қарқын алуда.

Бизнес-форумда сөз алған аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев биыл өңір делегациясы Таиландта өткен THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысып, бірқатар туристік ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойғанын жеткізді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 15,3 млн АҚШ долларын құрады. Алайда екі тарап арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нақты мүмкіндіктері қазіргі көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Алматы облысы Таиланд инвесторлары үшін кең мүмкіндік ұсынады. Таиланд нарығын астық пен майлы дақылдар, ұн, ет өнімдері экспорты бойынша кеңейтуге дайынбыз. Сонымен қатар Алматы облысында инвесторлар үшін бірегей артықшылықтар бар. Өңірдің қолайлы географиялық орналасуы, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтары, қуатты аграрлық әрі өнеркәсіптік әлеуеті, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған жан-жақты мемлекеттік қолдау жаңа бастамаларға берік негіз қалайды»,– деді Марат Елеусізұлы.

Сонымен қатар аймақ басшысы күні кеше Таиланд Корольдігінің делегациясы Алматы облысында болғанын, сапар барысында қонақтарға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, өнеркәсіп, туризм, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және қайта өңдеу салаларындағы перспективалық жобалары, сондай-ақ облыстың табысты жұмыс істейтін кәсіпорындарының қызметі таныстырылғанын атап өтті. Екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамның бірі Алматы облысы делегациясының Таиланд Корольдігіне сапары болғанын айтты. Аймақ кәсіпорындары онда THAIFEX – Anuga Asia ірі халықаралық көрмесіне қатысып, облыстың экспорттық әлеуетін кеңінен таныстырды. Соның нәтижесінде бүгінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін берік негіз қалыптасты.
Aspan Asia және KazThaiAlliance компанияларының бірлескен жобасы –табысты әріптестіктің көрнекі мысалы. Кәсіпорынның өндірістік базасы Алматы облысында орналасқан, бұл өңірдің транзиттік-логистикалық артықшылықтарын Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығу үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Кәсіпорын тез дайындалатын кеспе, рамен және тамақ өнеркәсібінің басқа да сұранысқа ие өнімдерін қоса алғанда, «Master Kan» брендімен өнім экспортын жүзеге асырады. Маңызды жетістік Таиландтың 7-Eleven ең ірі бөлшек сауда желісімен тікелей келісімшартқа отыруы болды. Бүгінгі таңда қазақстандық өнім желінің 14 мыңнан астам сауда нүктелерінде ұсынылған, бұл отандық өнімнің жоғары сапасын көрсетеді.

Логистикалық ынтымақтастықты дамыту да маңызды. Қазіргі таңда Таиландтан Қазақстанға теңіз өнімдерін импорттау жүзеге асырылуда, бұл өзара сауданың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі өз сөзінде аймақтың өзіндік мүмкіндігін де мысалға келтірді. Бүгінгі таңда өңірдің инвестициялық портфелі жалпы құны 7,8 триллион теңгеден асатын 270-тен астам жобаны қамтиды. Бұл жобаларды іске асыру заманауи өндірістерді, жаңа жұмыс орындарын құруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Соңғы жылдары облыс әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетуде. Жалпы өңірлік өнім 2 есеге өсіп, 6,7 трлн теңгеге жетті. Ірі инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Форумда өзге де қатысушылар сөз алып, сауда-экономикалық кооперацияны одан әрі кеңейтуге, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты жандандыруға және Қазақстан-Таиланд ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған бірлескен инвестициялық жобалар сараланды.