Алматы облысында сыбайлас жемқорлық көрсеткіші былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есеге немесе 75 пайызға төмендеді. Нақтырақ айтсақ, алғашқы жарты жылдықта “бармақ басты, көз қысты” дерегі 28-ден 7-ге дейін қысқарған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында мәлім болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиын барысында «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды. Оған комиссия мүшелері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.
Комиссия отырысын ашқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, қоғамда адалдық пен ашықтық қағидаттарын қалыптастыру, сондай-ақ алдын алу шараларының тиімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жыл басынан бері облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 73 кездесу өткізіліп, оған 6 мыңға жуық адам қатысқан. Талдау барысында білім беру және денсаулық сақтау салаларында тауар бағаларын негізсіз көтеру, қажеттіліктен артық көлемде сатып алу фактілері анықталған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің араласуынан кейін бұл мәселелер қайта қаралып, миллиондаған теңге көлемінде бюджет қаражаты үнемделді.
Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмысы да басты назарға алынған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өңірде 27 кездесу өткізіліп, арнайы байқаулар, муралдар мен ақпараттық акциялар ұйымдастырылды.
Облыста азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 2025-2030 жылдарға арналған қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл бойы 42 ірі ақпараттық және профилактикалық іс-шара өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 42 мыңнан астам материал жарияланды. Облыс аумағында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау мақсатында 72 билборд, 24 баннер және 20 LED экран орналастырылып, Қонаев қаласындағы тұрғын үй кешендерінде 700-ге жуық ақпараттық үнпарақ ілінген.
Комиссия отырысында сондай-ақ Іле ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Ауданда жыл басынан бері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тоғыз іс-шара өткізіліп, 780 дана ақпараттық кітапша таратылған. Ауданның кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту, жер қатынастары, ішкі саясат және жұмыспен қамту бөлімдерінде жүргізілген ішкі талдау нәтижесінде алты сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Қазіргі уақытта оларды жою бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Сондай-ақ аудан көлемінде ақпараттық-насихат жұмысы жалғасуда.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар облыстық басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне ішкі талдаулардың сапасын арттыру, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, мүдделер қақтығысының алдын алу тиімділігін күшейту бойынша нақты міндеттер қойылды.