Тазалық өзімізден басталады

Тазалық өзімізден басталады

Жаңа Конституция мәтінінде көрініс тапқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс көлемінде толымды тірліктер жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаның бір бөлігі саналатын «Таза бейсенбі» акциясы тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілігін арттыруға септігін тигізуде. Бұл акция облыс аумағында апта сайын өткізілуде. Қонаев қаласындағы бұрынғы стадион аумағында өткен кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық іс-шарасына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен шаһар басшысы Асхат Бердіханов қатысты.
– «Таза Қазақстан» бағдарламасының – қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағдарламаның азаматтық жауапкершілікті арттыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайту және ортақ құндылықтарды дәріптеудегі рөлін үнемі атап өтеді. Көктемнен бері облыс аумағында 18 ірі сенбілік ұйымдастырылып, 10 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 5 мың гектердан астам аумақ тазартылды.
Бүгінгі шараға да Алматы облысыныңжұртшылығы жаппай қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда. Осы орайда, игі іске белсене қатысып, азаматтық оң көзқарасын танытып жүрген барша өңір тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін. Біз бұл қарқынды бәсеңдетпей, алдағы уақытта қоршаған ортаны қорғау мен көгалдандыру жұмыстарын одан әрі күшейте береміз.
Осы игі бастама аясында бүгін Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларында қалыптасқан үрдіс бойынша кезекті тазалық шарасы ұйымдастырылып отыр. Бұл шара сенбіден бейсенбіге ауыстырылды. Соған орай әр аптаның осы күні таңертең бір сағаттай тазалық жұмысы жүргізілуде. Облыс орталығының көшелері едәуір тазарып, бұл игі шараның нәтижесі көрінуде. Бүгінгі шараға спорт мектебінің шәкірттері де қатысып отыр. Бұл бір жағынан тәрбие болса, екінші жағынан өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Қазір тазаланып жатқан бұл жер бұрын стадион болып, кейін жекенің қолына өткен екен. Қала орталығында мұндай игерілмей қараусыз жатқан алқап болмау керек. Сондықтан қала әкіміне жерді қайтару бойынша немесе Бас жоспарға сәйкес дұрыс жұмыс жүргізілуі үшін тапысрма бердім. Мұнда бизнес нысаны немесе қоғамдық орын болуы тиіс, – деген Марат Елеусізұлы баршаны қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамауға шақырды.
Облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының бас маманы Алина Түсіпбаеваның мәліметіне сүйенсек, облыс орталығынан басқа барлық аудан мен қалада осындай тазалық шарасы өтуде. Оған облыс әкімдігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдары, еріктілер, шағын және орта бизнес өкілдері, өңір тұрғындары қатысуда.
Өңір бойынша бүгінгі тазалық шарасына 20 мыңнан астам тұрғын қатысып, 300-ге жуық техника жұмылдырылды. 500 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 300 гектарға жуық аумақ тазартылды. Алдағы уақытта да тазалық шарасы тұрақты түрде жалғасын таба береді.