
Алматы облысына алғаш рет Қытайдың Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған делегация келді. Цзянсу – көрші елдегі экономикасы қарқынды дамыған, құрылыс, білім беру, туризм салалары бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып, озық технологияларды енгізу бойынша алдыңғы орынға ие провинция. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай делегациясымен кездесу өткізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Жүздесу барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы 34 жылдық дипломатиялық қатынас өзара сенімге, тату көршілік және стратегиялық әріптестікке негізделгенін атап өтті.
«Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және гуманитарлық салаларда ауқымды бірлескен бастамалар іске асырылуда. Ал елдің шығысында орналасқан Алматы облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың маңызды көпірі саналады. Өңір мен ҚХР арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 1 млрд АҚШ долларынан асып, тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта Алматы облысы аумағында Қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 287 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 4 жыл ішінде менің тікелей басшылығыммен Қытай Халық Республикасының 16 өңірінде 7 жұмыс сапары ұйымдастырылып, оған өңірдегі 75-тен астам бизнес өкілі қатысты.
Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы ынтымақтастық жүйелі түрде дамып, мазмұны да тереңдеп келеді. Цзянсу – Қытайдың экономика және инновация саласындағы жетекші өңірлерінің бірі. Сондықтан біз өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, логистика, инвестиция, жоғары технология салалары мен «жасыл» экономика бағытында ұзақмерзімді, тиімділігі жоғары жобаларды дамытуға ниеттіміз», – деген аймақ басшысы түрлі бағыттардағы бірлескен жұмыстарға тоқталды.
Айтуынша, қазіргі таңда өңірде жалпы қаражаты 6,2 трлн теңге болатын, 216 инвестициялық жоба мониторингте тұр. Ал Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 3,1 трлн теңгені құрайтын 45 инвестициялық жоба бар. Бұл бастамалардың нәтижесінде 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жыл басынан бері Қытайдан келген инвесторлармен 90 кездесу өткізілген. Бұл жалпы инвестициялық кездесулердің – 46,9%-ы.
Бүгінде Қытай тарапы облыс жастары үшін гранттар ұсынып отыр. Қытайдың провинцияларында өңірден шыққан 56 талапкер тегін оқып жатыр. Олар бакалавриат, магистратура және орта кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда.
Екі ел азаматтары үшін енгізілген визасыз режим туризм саласының белсенді дамуына ықпал етті. 2025 жылы Алматы облысына 147 000-нан астам шетелдік турист келді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13,19%-ға артық. Оның ең үлкен бөлігін Қытай азаматтары құрайды. Биыл Шанхай қаласында облыс әкімдігінің Сервис орталығы ашылды. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған ресми өкілдік. Алматы облысы халықаралық туристік алаңдарда, оның ішінде ITB China және ITB Asia көрмелеріне қатысып, сондай-ақ қытайлық туроператорлармен, әуе компанияларымен, медиа өкілдерімен белсенді жұмыс істеуде.
Жиын барысында Синь Чансин провинцияның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, технология және табиғи энергия көзін игеру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды.
«Цзянсу провинциясында 83 миллионнан астам халық тұрады. Экономикалық көрсеткіші бойынша Қытайда 2-орында. Нақтырақ айтсақ, өңірлік өнім көлемі 2 трлн АҚШ долларынан асады. Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі серіктестерінің бірі әрі логистикалық әлеуеті халықаралық жүк тасымалында маңызды рөл атқарады. Біздің мақсатымыз – өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, өзара тиімді байланыс орнату. Қол қойылған меморандум екі тарап арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге негіз болады деп сенемін», – деді мәртебелі мейман.
Осылайша, Алматы облысы мен Цзянсу провинциясы арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Сапар барысында қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Қонақтар назарына облыс аумағынан табылған Алтын адам мен өзге де құнды археологиялық жәдігерлер ұсынылып, олардың тарихи құндылығы мен ғылыми маңызы жан-жақты баяндалды. Өңірдің алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі жобалары таныстырылып, бірлескен бастамаларды дамыту мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.