
Алматы облысының Райымбек ауданында өңірде алғаш рет кендір (лен) дақылын өсіру ісі қолға алынды. Жобаны жергілікті шаруалар Қытай инвесторларымен бірлесіп іске асыруда. Былтыр жер жырту жұмыстары жүргізілсе, биылғы көктемде 250 гектар аумаққа аталған дақылдың тұқымы егілді. Егер жақсы өнім берсе, жер аумағын 3000 гектарға дейін кеңейтіп, терең өңдейтін зауыт салу жоспарлануда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев егістік алқабына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. «Кендір көбіне еліміздің солтүстік өңірлерінде егіледі. Ал Алматы облысында бірінші рет тәжірибеден өтуде. Бұл – өте жақсы бастама. Себебі тұқым ауданның табиғи ерекшелігіне бейім екенін байқап отырмыз. Күзде жақсы өнім алынады деген ойдамыз. Оның үстіне алқапта заманауи технологиялар жұмыс істеп тұр. Бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта ауқымы бірнеше есе көбеюі мүмкін. Жобаға жалпы құны 4 млрд теңге инвестиция салынады. Ал әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді аймақ басшысы.
Мамандардың айтуынша, кендір – экологиялық таза, қайта өңдеуге бейім, адам денсаулығына пайдалы табиғи өнім. Оның тұқымынан май, косметикалық өнімдер мен мал азығы алынады. Ал сабағынан киім-кешек, тоқыма бұйымдары, қап және орау материалдары дайындалады. Егер жоба толық іске қосылса, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде алқапта 10 адам еңбек етуде. Сондай-ақ бастама урбанизацияны азайтып, халықтың туған жерінде тұрақтап қалуына септігін тигізеді.