
6 - 7 маусым күндері Алматы облысының Қаскелең қаласында халықаралық Qazaqstan International Balloon Festival әуе шарлары фестивалі өтеді. Фестиваль барысында 30-дан астам әуе шары бір мезетте көкке көтеріліп, аэростаттармен ұшу мүмкіндігі туады. Ұзындығы 15 метрге дейін жететін алып әуе батпырауықтарының шоуы, фудкорттар, кемпинг пен бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
Іс-шараның ең әсерлі сәті әуе шарларының бір мезетте аспанға көтерілуі болмақ. Қонақтар аэростатпен ұшып, Іле Алатауының бөктері мен Қаскелеңнің көркем табиғатын құс көзінен тамашалай алады. Кешкі бағдарлама да мазмұнды болмақ. 6 маусым күні сахна төрінде DJ King Macarella өнер көрсетсе, 7 маусымда аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің концерті мен танымал қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтің ән кеші өтеді.
Балаларға арналған аймақта шеберлік сабақтары, батуттар және анимациялық бағдарламалар өткізіледі.
Ұйымдастырушылар ғашық жандарға да ерекше мүмкіндік қарастырып отыр. Әуе шарымен ұшу кезінде сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасауға болады.
Билет құны 5 мың теңгеден басталады. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Қонақтарға қолайлы болу үшін Алматы қаласынан трансфер, автотұрақ және шатырлы лагерь ұйымдастырылады.