
1 маусым күні Алматы облысында шомылу маусымы ашылады. Жауапты органдар рұқсат етілген арнайы орындарды бекітті. Онда қажетті қауіпсіздік шаралары толығымен қамтамасыз етілген. Яғни су түбі зерттеліп, тазартылған, қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылған, құтқарушылардың кезекшілігі ұйымдастырылған. Қауіпсіздік және санитарлық талаптар сақталған осындай жағажайларда ғана шомылуға рұқсат етіледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әсіресе Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, №5 жағажай өткен жылы толық абаттандырылып, пайдалануға берілді. Аумағында футбол, волейбол және балалар ойын алаңдары, воркаут-аймақтар, фудкорттар, пирс, душ кабиналары, киім ауыстыратын орындар мен автотұрақ қарастырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқару бекеттері, медициналық пункт, SOS батырмаларымен жабдықталған бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Ал №6 және №7 коммуналдық жағажайларда абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Капшағай су қоймасы жағалауында орналасқан жекеменшік демалыс аймақтары мен ойын-сауық кешендері де тұрғындар мен туристерге қызмет етеді. Олардың қатарында «Delmare», «На море», «Home Club», «Comfort» және өзге де демалыс орындары бар.
Сонымен қатар Іле ауданында орналасқан «Первомайские пруды», Талғар ауданындағы «Park Resort Восемь озер» кешендерінде де қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған.
Айта кетейік, рұқсат етілмеген жерлерде, ағысы қатты аймақтарда, сондай-ақ шағын кемелерге жақын маңда шомылуға қатаң тыйым салынады. Себебі бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шомылу маусымына дайындық бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Прокуратура, полиция және көлік инспекциясының қатысуымен, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, жүйелі түрде рейдтер өткізілуде.