
Бүгін Алматы облысының Бақбақты ауылында сужаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Салтанатты рәсімге ауыл жұртшылығы тегіс жиналып, қуанышты сәттің куәгері болды. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев те айтулы шараға арнайы барып, халықтың қуанышына ортақтасты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңа нысан ауылына жанашыр жомарт жандардың жеке қаржысына салынған. Ғимараттың жалпы аумағы –1007.05 шаршы метр. Кешенде футбол, баскетбол және волейболға арналған әмбебап алаң, жекпе-жек түрлерінен шынығатын күрес залы, техникалық жайлар бар. Ашық аспан астындағы заманауи жаттығу алаңы да қарастырылған. 250-ге жуық спортшыны қабылдай алады.
Марат Елеусізұлы жаңа нысан жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, ел мерейін асыратын спортшылар тәрбиеленіп шығатынына сенім білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі өз сөзінде «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша» деп атап көрсетеді. Осылайша Президентіміз бұқаралық спортты дамытуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын
арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінгі ашылып отырған спорт кешені осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Балқаш ауданынан еліміздің абыройын асқақтатып жүрген көптеген дарынды спортшылар шыққан. Ауыл жастарының игілігіне беріліп отырған спорт кешені алдағы уақытта жаңа чемпиондарды тәрбиелеп, биік белестерді бағындыруына жол ашады деп сенеміз», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын межелі уақытында тапсырып, ел алғысына бөленген «Bereket-ТК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымына, осындай сүбелі іске үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
Ауыл жастары жаңа спорт кешені жыл бойы тоқтаусыз жаттығып, биік шыңдарды бағындыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар тұрғындар ауылда мұндай заманауи спорт нысанының ашылуы жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін беретінін жеткізді.