Әбдуәли Қайдар атындағы мектепте жұлдыздар шеруі өтті

Әбдуәли Қайдар атындағы мектепте жұлдыздар шеруі өтті

Алматы облысындағы Әбдуәли Қайдар атындағы мектепте жұлдыздар шеруі өтті. Шараға ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары, ата-аналар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Білім ошағы екі жыл бұрын Шелек ауылында есігін айқара ашқан. Бүгін мектеп мұғалімдері мен оқушылары екі жыл бойы бағындырған белесін таныстырып, үздік ұстаздар марапатқа ие болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев те қатысып, жас ұрпаққа сапалы білім беру басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімді ұрпақ – елдің болашағын айқындайтын басты күш», –деп атап өткен болатын. Шынында да, білім – адамның ой-өрісін кеңейтетін, елдің ертеңін қалыптастыратын үлкен құндылық. Осыдан екі жыл бұрын Шелек ауылында заман талабына сай жаңа мектеп ашылып, ел игілігіне берілген еді. Бұл – тек жаңа ғимараттың салынуы емес, ауыл балаларына үлкен мүмкіндік сыйлаған маңызды қадам болды. Нәтижесінде елдімекенде үш ауысымды оқыту мәселесі шешіліп, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға жол ашылды.

Бүгінде осы білім ордасына Әбдуали Қайдардың есімі берілуі – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мұндай тұлғаның есімін иеленген мектептен елге қызмет ететін, білімді де тәрбиелі жастар шығатынына сенім мол. Қазір елімізде ойы озық, рухы биік жаңа буын қалыптасып келеді. Біз мұны сіздердің жетістіктеріңізден анық көріп отырмыз. Ашылғанына небәрі екі жыл болса да, мектеп ұжымы мен оқушылары халықаралық, республикалық және
облыстық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көріне білді. Бұл – ұстаздардың табанды еңбегі мен оқушылардың ізденісінің нақты жемісі», – деген аймақ басшысы өңірдегі білім саласы бойынша қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Айтуынша, соңғы төрт жылда облыста 75 жаңа мектеп салынып, 75 білім беру ұйымына күрделі, 46-сына ағымдағы жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар дарынды жастарды қолдау мақсатында «Алатау дарыны» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама талантты түлектердің шетелдің үздік оқу орындарында білім алуына мүмкіндік береді. Бүгінде Қытайдың үш провинциясында облыстың 57 түлегі оқып жатыр. Алдағы уақытта тағы 65 студентке грант беріледі. Марат Елеусізұлы жоба аясында шетелде білім алып, елге оралатын жастар туған жердің дамуына үлес қосып, мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ дарынды оқушылар мен білікті ұстаздарға Көлсай көліне туристік жолдама сыйлады.

Шара барысында Ә. Қайдар атындағы қазақ орта мектебінің қызметкерлері мен ауылдың көркеюіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.Оқу озаттары, өнерпаздар, спортшылар және түрлі олимпиада мен байқаулардың жүлдегерлері ерекше құрметке бөленді.