
Алматы облысындағы Шелек ауылының кітапханасы жаңғыртудан өтіп, бүгін пайдалануға берілді. Шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, ауыл тұрғындары мен оқырман қауым қатысты. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев те айтулы қуанышқа арнайы барып, кітапхана қорына 100-ден астам сұранысқа ие кітапты сыйға тартты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңғыртылған кітапхана заманауи технологиялармен толық жабдықталып, оқырманға барлық қолайлы жағдай жасалған. Әртүрлі бағыттағы 6 бөлімге бөлінген. Оқу, абонемент және конференция залдары қарастырылған. Балаларға арналған және интернет бөлімдері ашылған. Коворкинг орталығы да бар. Кітап қоры 88 мыңнан асады. 4500-ге жуық оқырман тіркелген. Жобаның жалпы құны - 422 млн теңге.
Марат Сұлтанғазиев кітапхананың ашылуымен құттықтап, оның қоғам үшін маңызына ерекше тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана ісін дамыту мәселесіне әрдайым айрықша назар аударып келеді. Өз сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», – деп атап өткен болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт
қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қоюы ел болашағы үшін аса маңызды бастамаға жол ашты. Бұл – кітап пен білімге деген құрметті арттыруға, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуға бағытталған тарихи қадам деп білеміз. Расында, кітапхана – руханияттың алтын ордасы, білім мен тәрбиенің, тарих пен тағылымның қасиетті шаңырағы. Ұлттың зияткерлік әлеуеті мен мәдени деңгейі кітап оқуға деген көзқарасымен өлшенеді. Сондықтан елімізде кітапхана саласын жаңғыртуға және дамытуға ерекше көңіл бөлінуде», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Алматы облысында бүгінде 145 кітапхана халыққа тұрақты түрде мәдени-ағартушылық қызмет көрсетіп жатқанын атап өтті. Жыл сайын жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, отандық ақын-жазушылардың кітаптары жарық көріп, облыс кітапханаларының қоры жаңа әдебиеттермен толықтырылуда. Қазіргі таңда тағы да 2 кітапхана модернизациядан өтуде.
«Енді бұл кітапхана тек кітап оқитын орын емес, жастардың ізденісіне жол ашатын, балалардың білім мен тәрбие алатын, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізетін заманауи мәдени-рухани орталыққа айналады деп сенеміз. Сондықтан біз алдағы уақытта да кітапханаларды жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа әдебиеттермен толықтыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз!» – деді Марат Елеусізұлы.
Шара қонақтары – Халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев пен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева да жылы лебізін жеткізді. Олар адам ақылын арттырып, рухани болмысын тереңдететін, интеллектуалды ойлау қабілетін дамытатын руханият ордасының заман талабына сай болуы аса маңызды екенін айтып, құнды кітаптарды сыйлады.
Ауыл тұрғындары, әсіресе оқушылар кітапхананың ашылғанына дән риза. «Ғимараттың іші жарық әрі жайлы, бізге керек кітаптың бәрі бар. Бұл білімімізді байытып, терең пайым қалыптастыруымызға ықпал етеді. Осындай жағдай жасаған жандарға алғысым шексіз», – деді оқушы Айбек Нұрғали.
Ел болашағы ғылым-білімді, адамгершілік қасиеттерді бойына терең сіңірген жастар екені белгілі. Ал оның бастау бұлағы – кітапхана. Сондықтан облыс әкімдігі қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау, заманауи кітапханалар салу жұмысын алдағы уақытта да жалғастырады.