
Алматы облысында Оңтүстік Кореяның танымал кино компаниясы мен отандық «Atadala» продакшны бірлесіп, телехикая түсіріп жатыр. Әлемдік деңгейдегі сериал Ұйғыр ауданындағы Дардамты ауылында, Айлы және Қара шатқалдардың аумағында (Лунный каньон, Черный каньон), Қонаев қаласындағы Іле өзенінің жағалауында түсіріледі. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев түсірілім алаңына арнайы барып, жобаның іске асырылу барысымен танысты, – деп хабарлайды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы шығармашылық топпен, техникалық құраммен және жобаға тартылған жергілікті тұрғындармен кездесті.
«Қазіргі таңда Қарасай және Ұйғыр ауданында халықаралық деңгейдегі фильмдер түсіріліп жатыр. Бұл жобалар креативті экономиканы дамытуға зор ықпал етеді. Оңтүстік Корея компаниясының фильмдерін әлем жұртшылығы қызығып тамашалайды. Ал бұл кино көрсетілімге шыққаннан кейін шетелдіктер Қазақстанның әсем табиғатын көріп, елімізге ағыла бастайды. Соған сәйкес, өңірге келетін туристер саны да артады. Осылайша, Қазақстанның, оның ішінде Алматы облысының танымалдығы артып, әлем назарын өзіне аудартады», – деді Марат Елеусізұлы.
Түсірілім алаңында актерлер, каскадерлер, техникалық қызметкерлер және жергілікті мердігер ұйымдар жұмыс істеуде. Жобаны дайындау және жүзеге асыру барысында Алматы облысындағы қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, көлік қызметтері пайдаланылуда. Түсірілім жұмыстарына жергілікті тұрғындар да тартылған.
Шығармашылық топ өкілдерінің айтуынша, телехикаяны түсіру үшін Қазақстанның таңдалуы бекер емес. Себебі еліміздің табиғи ландшафттары алуан түрлі, көркем түсірілім жасауға өте қолайлы және халықаралық киноөндірісті дамытуға үлкен мүмкіндігі бар.
Жобаның бас продюсері – Руслан Пак. Сериалдың көрсетілімі 2027 жылға жоспарланған. Мұндай жобаларды жүзеге асыру халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, креативті индустрияны дамытуға, сондай-ақ Алматы облысының инвестициялық және туристік имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.