Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысындағы өндірістік, көлік-логистикалық, энергетикалық және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысындағы өндірістік, көлік-логистикалық, энергетикалық және инфрақұрылымдық  жобалардың барысымен танысты

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі бірқатар өндірістік, көлік-логистикалық, энергетикалық және инфрақұрылымдық  нысандарды аралады. Оған облыс басшылығы, сондай-ақ нысандарға жауапты салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Нұрлыбек Нәлібаев алдымен PepsiCo Central Asia зауытында, «Алтын таға» ӨК» ЖШС‑нің өндіріс орнында, «Қайрат» индустриалды аймағында, «Almaty Insulation» ЖШС-да болды.

PepsiCo Central Asia-ның Орталық Азиядағы жеңіл тағамдар (снектер) шығаратын ең ірі зауытының жобасы екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. 2024 жылы құрылысы басталған нысанның алғашқы кезеңі биыл пайдалануға беріліп, 14-16 мың тонна өнім шығарады деп күтілуде. Ал 2-ші кезең – толық қуатында 2026-2030 жылдары іске қосылады. Сол кездерде жылына 70 мың тоннаға жуық дайын өнім шығару үшін 210 мың тонна жергілікті картоп өңделетін болады. Агробағдарламаға Алматы, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстарының шаруашылықтары тартылған. Инвестицияның жалпы көлемі – $370 млн. Жоба аясында 900 тұрақты жұмыс орны, ал қосалқы салаларда 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарына ұзындығы 1,6 шақырым болатын қосалқы жолдың құрылысы, «Gate-City» автоматтандырылған газ тарату стансасының техникалық жағдайы, «Көкпа 110 кВ» стансасының резервтік желісін қалпына келтіруге қатысты мәлімет берілді.

«PepsiCo Central Asia экономиканы әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыты бойынша маңызды орын алады.  Оны уақтылы іске қосу үшін тиісті қолдау көрсетуге әзірміз»,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.

«Алтын Таға» өндірістік компаниясы» ЖШС темірбетон, металл бұйымдары, сэндвич-панелдер тағы да басқа құрылыс және өнеркәсіп материалдарын шығарады, сондай-ақ машинақұрастыру бағытын да дамытуда. Жалпы инвестиция көлемі 34 млрд теңге болса, оның бүгінде 13,5 млрд-ды игерілген. Жоба аясында 13 өндірістік нысанның құрылысы көзделген, оның ішінде жалпы ауданы 20 мың шаршы метр болатын 6 нысан пайдалануға берілді. Жобаларды аяқтау 2027-ші жылға белгіленіп отыр.

Сапар барысында инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, машина жасау өнімдерін лицензиялау және сертификаттау, өнімді Отандық өндіріс тауарлары тізбесіне енгізу, қайта қаржыландыру мәселелері де айтылды.

Бүгінгі таңда Алматы облысында жалпы ауданы 8 904,77 гектар болатын 21 индустриялық аймақ құрылған, олардың жиынтық инвестициялық портфелі – шамамен 1 трлн теңге. Қолданыстағы индустриялық аймақтарда 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Негізгі инвестициялық портфель «Қазбек бек», «Қайрат», «Шелек» және «Береке» индустриялық аймақтарында шоғырланған. Солардың бірі – «Қайрат» индустриялық аймағына барған Нұрлыбек Нәлібаевқа өнеркәсіптік аумақтардың дамуы туралы мәлімет берілді. «Алматы облысының индустриялық аймақтарын басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Ербол Шоқаевтың хабарлауынша, электр және газбен қамтамасыз ету мәселелері әлі де толық шешімін таппай отыр. Одан бөлек электрмен уақытша қамту, теміржол инфрақұрылымын, жер телімдерін пайдалану, газ тапшылығы сияқты мәселелер бар.

«Мемлекет басшысы Алматы облысындағы 5 өңірлік индустриялық аймақтың инфрақұрылымын қаржыландыру, оның ішінде ұлттық даму институттары арқылы қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Бұл жұмыс Үкіметтің тікелей бақылауында. Өңір әкімдігі Энергетика министрлігімен бірге елді мекендер мен индустриялық аймақтарды газдандырудың жаңартылған схемасын әзірлеп, қосымша электр қуатымен қамтамасыз ету жолдарын қарауға тиіс»,- деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Қайрат» индустриялық аймағына да барып, құрылыс материалдарын шығаратын «Аlmaty Insulation» ЖШС-нің өндірістік алаңын аралап көрді. Компания өнімдері ішкі нарықпен қатар, экспортқа да шығарылады. Мұнда салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 59,8 млрд теңге, сонымен қатар 240 тұрақты жұмыс орны құрылған. Жылдық өндіріс қуаты: 1,26 млн текше метр дайын өнім, оның ішінде тас мақта – 1 млн, экструзиялық полистирол – 0,26 млн текше метр. Кез келген құрылысқа арналған жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын кәсіпорын 2024 жылы энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын сәтті жүзеге асырды.

Бірінші вице-премьер құрылыс компаниялары отандық тауар өндірушілерден өнімдерді басымдықпен сатып алуы қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының Алматы облысының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Нұрлыбек Нәлібаев «Алматы-Талғар», «Алматы-Бішкек» автожолының учаскесін кеңейту, «Кеген» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен және Үлкен Алматы айналма жолының мүмкіндіктерімен танысты.

«Алматы-Талғар» автомобиль жолының 13-21 шақырым учаскесін кеңейту бойынша жұмыс жобасы аясында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны — 17,2 млрд теңге. Оның аясында жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, бүкіл учаске бойына жарықтандыру жүйесін орнату, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салу, сондай-ақ жаяу өткелдерде заманауи бағдаршамдар орнату көзделген. Жобаны жүзеге асыру күре жолдың өткізу қабілетін арттыруға, көлік кептелістерін азайтуға, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

«Кеген» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жобасы бүкіл еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Жобаны жүзеге асыру шекара маңындағы аумақтың транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыруға, туризмді, сыртқы сауданы және көршілес мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді.

«Алматы–Бішкек» автомобиль жолының 19-27 шақырым учаскесін кеңейту жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген және биыл 9 сәуірде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жоба аясында күре жол 4-тен 8 жолаққа дейін кеңейтіліп, екі көлік айрығы, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, көшені жарықтандыру құрылғылары және жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынады. Нәтижесінде көлік дәлізінің өткізу қабілетін арттыру, көлік жүктемесін азайту, қала маңындағы елді мекендердің Алматымен көлік байланысын жақсарту, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына барды. ҮАААЖ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында елімізде жүзеге асырылған ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі әрі елдің көлік-логистикалық әлеуетінде елеулі орын алады. Жобаның толық іске қосылуы Алматы қаласындағы көлік жүктемесін едәуір төмендетуге, транзиттік ағындарды мегаполис аумағынан шығаруға, халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ жүк тасымалы уақытын қысқартуға ықпал етеді.

ҮАААЖ Алматы облысының Қарасай, Талғар және Іле аудандарының аумағы арқылы өтеді. Көлік құралдарының орташа тәуліктік қозғалыс қарқындылығы шамамен – 85 000 автокөлік. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 66 шақырым, оның ішінде 6 жолақты бөлігі – 51,5 шақырым, 4 жолақты бөлігі – 14,5 шақырым.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Алматы облысында жылу инфрақұрылымы, газбен қамту, Қонаев және Алатау қалаларын дамыту жобаларымен де танысты. Қонаев қаласындағы «Жылу орталығы» коммуналдық кәсіпорнында оған ЖЭО-ның өндірістік қуаты, жылу желілерінің жай-күйі және Қонаев қаласын тұрақты жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындығы, Алматы агломерациясындағы елді мекендерді газбен қамту, жүзеге асырылған жобалар мен газ инфрақұрылымын кеңейту жоспарлары туралы айтты.

Алматы агломерациясы құрамына Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандары, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалаларын қоса алғанда 188 елді мекен кіреді. 2022–2025 жылдары 22 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. 2026 жылы тағы 9 елді мекенді газбен қамту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Қонаев қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қаладағы орталық қазандық облыс орталығын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Қазандықтың жобалық қуаты сағатына 192 Гкал болса, қолданыстағы қуаты – 178 Гкал. Қаладағы жылу желілерінің ұзындығы 61 шақырымды құрайды, тозу деңгейі – шамамен 45%.

Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін арнайы техника сатып алу және жылу желілерін күрделі жөндеу мәселелері қаралды.

Бұл орайда, Үкімет алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын, сондай-ақ халықты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуді ерекше бақылауда ұстап отырғаны баса айтылды.

Қонаев және Алатау қалаларын дамытудың перспективалық жобалары таныстырылды.

Қонаев қаласын 2027 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары аясында инженерлік, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған 187 іс-шара жүзеге асырылуда. Қалада «Арна» қосалқы стансасы, жаңа кәріздік тазарту және инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде. Кейінгі жылдары қала экономикасына 397,6 млрд теңге инвестиция тартылды.

Алатау қаласы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жоба ретінде айқындалған. Қала заманауи Smart City қағидаттары және инновациялық технологиялар негізінде дамып келеді. 2024 жылы Алатау қаласының 2050 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 242 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдігіне инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру, халықты тұрақты коммуналдық қызметтермен қамту және қысқы маусымға сапалы дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

 

primeminister.kz