
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев нысана көздеуден Әлем кубогының жеңімпазы, Қазақстан құрамасына турнирдегі алғашқы медальды сыйлаған Әсем Орынбайды құттықтап, марапаттады.
Салтанатты рәсім әлемдік мергендер жарысы өтіп жатқан Александр Асанов атындағы клубта өтті.
«Скит» бағыты бойынша Әсем Орынбай іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, финалда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Шешуші кезеңде ол Қытай елінен келген Жианг Итингтен басым түсіп, алтын медальды иеленді. Осылайша, туған жерімізде өтіп жатқан Әлем кубогында Қазақстан құрамасының медаль есебін ашты. Сондықтан бұл жеңіс айрықша мәнге ие. Алматы облысының спортшысы Әсем Орынбай тағы бір мәрте кәсіби шеберлігін, мінезінің беріктігі мен күш-жігерін паш етті.
Спортшыны құттықтай отырып, Марат Сұлтанғазиев оның жетістігі ұлттық құрама үшін де, өңір үшін де ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Айта кету керек, Әсем Орынбай – халықаралық аренада топ жарып жүрген үздік спортшылардың бірі. 2023 жылы да Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанған. Сонымен қатар оның еншісінде әлем чемпионатының қола жүлдесі, Әлем кубогының ақтық мәресі мен Азия ойындарының, Азия чемпионатының алтын медальдары бар.
Еске салайық, жарысқа 43 елден 300-ге жуық спортшы қатысуда. Әлем кубогы 10 мамырға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы үшін бұл алғашқы медаль спортшыларымызға сенім сыйлап, тартысты бәсекені одан әрі қыздыра түсті.