Алматы облысындағы туристік нысандардан 200 тоннадан астам қоқыс жиналды

Алматы облысындағы туристік нысандардан 200 тоннадан астам қоқыс жиналды

Бүгін Алматы облысындағы Күрті су қоймасында ауқымды сенбілік өтті. Оған ауыл тұрғындары, жастар, еңбек ұжымдары мен еріктілер қатысты. 500 ге тарта адам көздің жауын алатын Күртінің айналасынан 5 тоннаға жуық қоқыс жинады, -деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Үш күндік демалыста өңірдегі туристік нысандардың тазалығына ерекше ден қойылған. “Тазалық күні” акциясы «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Күрті су қоймасы «Қыз Жібек» көркем фильмі арқылы халыққа кең танылған мекен. Тарихи аймақ қазір қайта жанданып, туристер жиі келетін демалыс орнына айналған. Бұл жерге күніне 1500-2000-ға жуық саяхатшы келеді. Сондықтан тұмса табиғаттың тазалығы басты назарда. Бүгінгі сенбілікке облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те атсалысып, экологиялық мәдениетті сақтаудың маңызына тоқталды.

«Алматы облысында қызықтап-көретін табиғаты ерекше нысандар көп. Өзен-көл, тау-қыратымен қоса жазық даласы да жанға жайлылық сыйлайды. Ал Іле ауданына келген қонақ дархан даланың кереметіне куә болады. Қазіргі таңда Күрті су қоймасы үлкен танымалдыққа ие болып, туристердің сүйікті мекеніне айналған. Сондықтан аумақтың таза әрі жайлы болуы маңызды», – деді өңір басшысы.

Шараға қатысқан Ақши ауылының тұрғыны Мөлдір Торғаева:
«Кең байтақ жеріміздің көркін сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз. Бүгін сенбілікке қатысып, сұлу мекеннің сәнін кетірген қоқыстарды жинадық. Мұнда отбасымызбен жиі келіп тұрамыз. Байқауымша, Күртіге келетін қонақтар саны артқан. Сондықтан көздің жауын алатын табиғат жауһарын қорғау –баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз», – дей келе, тұрғындарды тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырды.

Айта кетейік, «Тазалық күні» акциясы облыстағы танымал туристік бағыттардың бәрінде қызу жүргізілді. Атап айтқанда,
Кеген ауданы: Көлсай, Қайыңды көлдері; Ұйғыр ауданы: «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі; Еңбекшіқазақ ауданы: Есік көлінің жағалауы; Жамбыл ауданы: Үңгіртас ауылындағы «Жер кіндігі» туристік нысаны; Райымбек ауданы: Шалкөде жайлауы және Тұзкөл көлінің жағасы; Қонаев қаласы: «Алматы–Өскемен» тасжолы бойы мен «Көшпенділер қаласы» аумағы; Талғар ауданы: Талғар өзенінің бойы; Балқаш ауданы: Жиделі ауылдық округінде орналасқан «Завидово» туристік кешені; Іле ауданы: Первомай тоғандары, «Sokol» спорттық-техникалық кешені, «Рыбацкая усадьба» демалыс орны, «Tortuga» демалыс базасы және «Dubai Resort» аквапаркі; Алатау қаласы: «Еңбек» және «Заречный» шағын аудандары. Облыс бойынша бүгінгі тазалық жұмыстарына 12 мыңға жуық адам қатысып, 135 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 205 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигонға шығарылды. «Тазалық күні» акциясы ертең, яғни 3 мамыр күні де жалғасып, үш күн бойы жүргізілген тазалық шаралары қорытындыланатын болады.