«Тамғалы тас» шатқалы тазаланды

«Тамғалы тас» шатқалы тазаланды

Алматы облысында мереке күрдері де тазалық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірде «Тазалық күні» жарияланып, туристік нысандарда, саябақтар мен аулаларда жаппай сенбіліктер ұйымдастырылған. Себебі демалыс күндері облысқа республиканың әр өңірінен, шетелдерден келетін қонақтар саны едәуір артатыны белгілі.

Сондықтан туристік нысандардың санитарлық талаптарға сай болуы маңызды. Бүгінгі тазалық шаралары Іле өзені жағалауындағы «Тамғалы тас» шатқалында ұйымдастырылды. Себебі мұнда халықаралық «TENGRI ULTRA – 2026» марафоны өткізіледі, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл ауқымды спорттық сайысқа әлемнің 22 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысып, 5000-нан астам жанкүйер келеді деп күтілуде. Дәстүрлі шара биыл 11-ші мәрте ұйымдастырылып тұр.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев халықаралық жарыс өтетін аумаққа арнайы барып, дайындық барысымен танысты. Сондай-ақ марафон өтетін жер таза, ұқыпты әрі қауіпсіз болуы керегін ерекше атап өтті.

«Туристік орындардың тазалығы – елдің имиджі мен мәдениетінің айқын көрінісі. Әрбір қонақ табиғаттың көркемдігін тамашалаумен қатар қаншалықты күтіп ұсталғанына назар аударады. Таза, ұқыпты орта туристерге жақсы әсер қалдырып, қайта оралуға деген ниетін арттырады. Сондықтан аймақтың тазалығын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Қарапайым ережелерді ұстану арқылы туған жеріміздің көркеюіне үлес қоса аламыз», – деді Марат Елеусізұлы.

Биыл өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 220 мың ағаш егу жоспарланған. Жыл басынан бері 77 мың көшет отырғызылды. Көктем басталғалы облыс аумағында 8 ірі сенбілік ұйымдастырылып, нәтижесінде өңір бойынша 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ қазіргі таңда қарағаш тұқымын жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл шараға 150-ге жуық адам жұмылдырылып, нәтижесінде 400 кг тұқым алынған. Жиналған дәнек алдағы уақытта көшет өсіру мен елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарына пайдаланылатын болады.