
Бүгін Қонаев қаласында Алматы облыстық сот ғимаратының іргетасы қаланып, құрылыс жұмысы басталды. Бұл шараға ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, уақыт капсуласын салды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ғимараттың жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады. 5 қабатты нысанда 22 сот залы, жұмыс кабинеттері мен жертөлесі бар. Барлық қауіпсіздік талаптары ескерілген. Құрылыс 15 ай бойы жүргізіліп, келесі жылы пайдалануға беріледі. Ол үшін тиісті техника мен білікті мамандар жұмылдырылған. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары басталып, 40 жұмысшы жұмылдырылған. Алдағы уақытта құрылысшылар саны 100-ге дейін ұлғаяды.
Қонаев қаласындағы құрылыс қарқыны мұнымен шектелмейді. Облыс орталығында биыл алты бірдей еңселі ғимараттың іргетасы қаланады. Осы уақытқа дейін инфрақұрылымды дамыту, су, газ, кәріз құбырын тарту, сондай-ақ жобалау шаралары атқарылған.
«Қазіргі таңда Қонаевта 6 нысанның құрылысы бекітілген кестеге сәйкес белсенді жүріп жатыр. Бұл жобалар мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттырып, Қонаев қаласының көркін аша түседі», – деді Алматы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаев.
Атап айтқанда, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне, полиция департаментіне, облыс әкімдігіне қарасты мекемелерге арналған нысандар мен департаменттер үйі бой көтереді. Яғни 6 жоба жоспарлау кезеңінен іске асыру сатысына өтті. Бұл өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Одан бөлек облыс орталығында Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Драма театры, «Қонаев-Арена» көпфункционалды кешені, 600 орынды кітапханасы бар Оқушылар сарайы, зертханасы бар мұражай салынатын болады.
Осылайша, Қонаев әкімшілік-іскерлік басқару орталығына әрі мәдениет пен руханият ошағына айналады.