Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жеке қабылдады

Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жеке қабылдады

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғындарды жеке қабылдап, түйіткілді мәселелеріне құлақ түрді. Олардың қатарында баспана сұрап келгендер, жер телімінің құжаты дұрыс рәсімделмеген азаматтар, несиесін төлей алмай шығынға ұшыраған тұрғындар, қолдау сұрап келген жеке кәсіпкерлер де болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қабылдауға келген Іле ауданының тұрғыны көрпе, жастық және тоқыма өнімдерін өндірумен айналысады. Қазіргі таңда 10 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Өндірісте күніне 2000-нан астам көрпе тігіледі. Кәсібін кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие немесе грант алуға өтініш берген. Құжаттары Іле ауданы комиссиясының шешімімен «Қонаев» ӘКК-ге жолданған. Кәсіпкер өндіріске қажетті материалдарды тасымалдауға көмек сұрап, мамандар жұмысына бағыт-бағдар берсе деген тілегін айтты. Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламамен берілетін несие әр сала бойынша кезекпен берілетінін жеткізді. Сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірігіп жұмыс істеу керегін айтып, тиісті басқарма басшысына өндіріске барынша қолдау білдіруді тапсырды.

Қарасай ауданынан келген зейнеткердің қызы «Сыбаға» және «АгроБизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында жалпы көлемі 50 млн теңге болатын несие алып, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Алайда сатып алынған малдың жұқпалы ауруға шалдығып, жаппай қырылуы салдарынан қарызды мерзімінде өтей алмаған. Енді азамат өзін банкрот деп тану жайлы немесе несие төлемі бойынша жеңілдік болса деген өтінішін айтты. Марат Елеусізұлы азаматтың атында мүлік болғандықтан банкрот деп танылмайтынын түсіндірді. Ал қарыз беруші «Ұзынағаш-Несие серіктестігі» ЖШС өкілі қазіргі таңда мәселе сотта қаралып жатқандықтан несие төлемі бойынша үстемеақы тоқтатылып тұрғанын жеткізді.

Іле ауданының тұрғыны «Дружба» саяжайындағы жер телімін рәсімдеу бойынша мәселесін сөз етті. Заңды органдар жүргізген зерделеу жұмысы барысында аталған саяжайда жер телімі заңсыз таратылып, нәтижесінде 3 гектар аумақты 169 адам өз жері ретінде танып отыр.  Бірақ олардың құжаты заңды түрде расталмаған. Аймақ басшысы жер қатынастары басқармасы және прокуратура өкілдеріне мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлі тарап анықталып, алаяқтар жазасын алу керегін айтты.

Қабылдау кезінде баспана мәселесімен келген жандар да бар. Марат Сұлтанғазиев елімізде пәтер белгіленген 8 санат бойынша кезекпен берілетінін түсіндірді. «Әр жыл сайын бюджет қаражатынан тұрғындарға арнайы пәтер сатып алынады. Бұл баспаналар «Отбасы» банк арқылы үлестіріледі. Ал ешқандай санатқа жатпайтын болса, онда демеушілер көмегіне жүгінуге болады. Олар ұсынысты қолдаған жағдайда ғана мәселені шешуге мүмкіндік бар», – деді облыс басшысы.