Ардагерлердің аты өшпейді

Ардагерлердің аты өшпейді

Алматы облысында соғыс ардагерлерінің есімін ұлықтау, көшеге аттарын беру сияқты ономастикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мәселен, өткен жылы Жеңістің 80 жылдығына орай республика бойынша 500-ден астам көшеге ардагерлердің есімін беру бекітілген. Оның ішінде 154-і Алматы облысы тарапынан ұсынылып, өңірлер арасында көш бастап тұр. Қазіргі таңда 73 ардагердің есімі аудан, қалалардағы көшелерге берілді. Қалған 81 есім жақын арада өтетін облыстық ономастикалық комиссияның отырысында қаралатын болады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Былтыр өңірде 678 көшеге атау беру және атауын өзгерту жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңге дейін оның 578-і облыстық ономастикалық комиссия отырыстарында талқыланды. Қалған 100 көше атауы 29 сәуір күні өтетін жиында шешімін табады. Ал 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес облыс бойынша 669 көшеге қайта атау беру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Ал ардагерлердің есімін халыққа таныту алдағы уақытта да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Мысалы, Жеңістің 85 жылдығына орай 116 ардагердің есімі ұлықталады деп жоспарланған. Сонымен қатар қазіргі таңда облыс бойынша соғыс ардагерлерінің құрметіне 154 мемориалдық тақта орнатылған.

Ономастика саласындағы айтулы жаңалықтың бірі – енді жекеменшік білім беру ұйымдарына тұлғалардың есімін беру және атауын өзгерту үшін міндетті түрде облыстық ономастикалық комиссияның келісімі керек. Бұл «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес іске асуда. Осыған орай, Алматы облыстық Тіл басқармасы тиісті департаменттермен бірлесіп, жаңа заңнамалық талапқа сай жұмыстарды бастады.