
Алматы облысында Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Күннің басты оқиғасы Бердібек Соқпақбаев атындағы Орталық саябақ аумағында өткен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телекөпір болды.
Тікелей эфир барысында еліміздің өңірлеріндегі экологиялық даму, көгалдандыру және абаттандыру, экологиялық күн тәртібін іске асыру, жануарларға қамқорлық көрсету, сондай-ақ азаматтарды тазалық мәдениеті мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «“Таза Қазақстан”, “Заң және тәртіп”, “Адал азамат” қағидаттары біртұтас құндылықтар жүйесін құрайды және қоғамдық өмірде берік орнығуы тиіс. Бұл бастамаларды кеңінен насихаттауға танымал және беделді азаматтарды белсенді тарту қажет. Ал осы идеяның негізгі насихатшылары – жастар. Экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру маңызды. “Таза Қазақстан” халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық идеяға айналуы тиіс», – деп атап өтті.
Сондай-ақ Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті.
Алматы облысындағы іс-шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мемлекеттік органдар өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдары, волонтерлер, бизнес өкілдері және облыс тұрғындары қатысты. Телемостты тамашалағаннан кейін қатысушылар ағаш отырғызу жұмыстарына кірісті. Акция аясында саябақ аумағына 100 түп жас көшет егілді.
Облыс әкімі өз сөзінде экологиялық бастамалардың маңыздылығына тоқталды:
«Бүгін экологиялық акция республика көлемінде өтті. Тазалық әр адамның өзінен басталады. Мемлекет басшысы атап өткендей, ниеті таза адам туған жеріне қиянат жасамайды. Көгалдандыру – халық денсаулығын жақсартуға, экологиялық ахуалды оңалтуға және келешек ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға қосылған үлес. Мұндай акциялар тұрғындарды біріктіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікті арттырады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сол күні Қонаев қаласында да ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. «Алматы – Өскемен» тасжолы бойында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Әсемтас» пен «Жұлдыз» шағынаудандары арасында, әскери бөлімдер аумағында қосымша 1000 түп ағаш отырғызылды.
Алматы облысында елді мекендерді көгалдандыру, аумақтарды абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Өткізілген сенбіліктер аясында өңір бойынша шамамен 40 мың адам қатысып, 19 мыңға жуық көшет отырғызылды, 700 гектар аумақ тазартылды. Барлығы 7 ауқымды сенбілік өткізіліп, нәтижесінде 2 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Экологиялық іс-шараларға 200 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2026 жылғы 28 ақпаннан 23 сәуір аралығында Алматы облысында 700-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 344 мыңнан астам адам қамтылды. Осы кезеңде 60 мыңға жуық ағаш отырғызылды.
Өңірдің 2026–2030 жылдарға арналған көгалдандыру жоспарына сәйкес, жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделіп отыр.
Елімізде өткен экологиялық акция тағы да бір мәрте табиғатты қорғау мен туған өлкені көркейту ісі әртүрлі буын мен кәсіп өкілдерін біріктіріп, болашақ ұрпақ үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі екенін дәлелдеді.