
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауданына жасаған сапарында аймақтың өндірістік әлеуетін танытатын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сондай-ақ аудан әкімінің жұртшылықпен кездесуіне қатысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысы сараланған жиында жамбылдықтардың өтініш-тілектеріне құлақ асты.
Өңір басшысы алдымен Үңгіртас ауылындағы «Plast Invest Production» ЖШС-нің пластикалық құбырлар шығаратын зауытына барды. Шалғай ауылдағы өндіріс орнының жұмысымен аталған серіктестіктің бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Өмірғали Шпекбаев таныстырды. Бұл кәсіпорында сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, кәріз және дренаж жүйелеріне арналған полиэтилен құбырлары өндіріледі. Сонымен қатар муфталар, сегментті бұрмалар, сондай-ақ тағамдық мақсаттағы полиэтилен бөшкелері шығарылады. Қазіргі кезде мұнда 84 адам жұмыс істейді. Цехтарды аралап, өндіріс үрдісімен танысып шыққаннан кейін зауыт басшылығы облыс әкіміне табиғи газға қосылу, осы маңдағы жолды жөндеу сияқты бірнеше мәселе туындап тұрғанын жеткізді.
Одан кейін Марат Елеусізұлы Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен тұрғындармен жүзедсті. Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан алқалы жиында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас халыққа өткен жылы атқарылған жұмыстың есебін беріп, алдағы жоба-жоспарлармен таныстырды. Ол өз баяндамасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасында көзделген негізгі көрсеткіштер толық көлемде орындалып, өткен жылмен салыстырғанда оң өсім динамикасы сақталғанын атап өтті. Бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер көлемі 32,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,1 млрд. теңгеге немесе 23,0 пайызға өскенін айтты. Аудан экономикасының даму негізі – ауыл шаруашылығы саласы. Бұл аумақтың табиғи-климаттық жағдайы мен жер ресурстары ауыл шаруашылығы өндірісін, сонымен қатар өнеркәсіпті дамытуға қолайлы мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 86,4 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,3%-ға орындалған. Мал шаруашылығының негізгі өнімдерінің өндірісі бойынша тірі салмақтағы мал мен құс еті 22 мың 560 тонна немесе 8,4%-ға, сүт 36 мың 895 тонна немесе 10,0%-ға артық орындалып, өсім қарқыны сақталғанын жеткізді.
Нұрлан Ертасұлы осылайша әрбір салаға жеке-жеке тоқталып, істің барысын барынша тарқата баяндады. Ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді өтуде. Тұрғындар, еріктілер, жастар және мекеме қызметкерлері бірлесіп сенбілік ұйымдастырып, көшелер, аулалар мен қоғамдық орындарды тазалауда. Акция аясында өзен-көл жағалаулары тазартылып, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасады.
«Алдымызда тұрған міндеттер мен мақсаттар – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін ауқымды жұмыстарды қамтиды. Бұл міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындау үшін ауданымыздың әлеуеті де, ресурстары да жеткілікті. Әрбір қолға алынған іс-шараның түпкі нәтижесі – халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруы мен өмір сапасының артуына бағытталған. Сондықтан алдағы жұмыстарды нақты жоспарға сәйкес жүзеге асырып, белгілі межеге қол жеткізуге сендіреміз», -деді аудан әкімі Нұрлан Ертас.
Бұдан соң тұрғындар тарапынан бірнеше сұрақ қойылып, оған облыс және аудан басшылары жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселенің мән-жайын түсіндірді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мұның алдында халықтан түскен өтініштердің орындалу барысымен таныстырып, халықтың өмір сапасын жақсарту, өңірдің әлеуетін арттыру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан хабардар етті. Тұрғындармен жиын барысында халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударылып, шешу жолдары айқындалды.