
Елордада өтіп жатқан халықаралық көрмеде Алматы облысының жобалары жаңашылдығымен әрі экологиялық тиімділігімен ерекшеленді. Олардың қатарында автокөлік шиналары мен тамақ қалдықтарын терең өңдейтін екі ірі кәсіпорын бар. Бұл зауыттардың Қазақстанда өзге баламасы жоқ. Тың жобалар табиғат тазалығын сақтауға, экологиялық қатердің алдын алуға бағытталған, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Көрмеде ұсынылған бастаманың бірі – Талғар ауданында орналасқан «QazRez» кәсіпорны. Зауыт өткен жылдың соңында іске қосылған. Өндіріс пайдаланылған жеңіл және жүк көліктерінің, тіпті ірі габаритті техникалардың шиналарын терең өңдеумен айналысады. Компанияның негізгі өнімдеріне гидрооқшаулағыш материалдар, регенерацияланған резеңке, болат шарлар және болат түйіршіктер жатады. Бұл өнімдер құрылыс саласында, өнеркәсіпте және инфрақұрылым жобаларында кеңінен қолданылады.
Өндіріс жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен шиналар ұсақталып, резеңке үгіндісі алынады. Бұл материал спорт және балалар алаңына арналған жабын ретінде қолданылады. Сондай-ақ гидрооқшаулағыш материалдар мен жолдағы шұңқырларды жөндеуге арналған өнім дайындалады. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – өндіріс барысында ешқандай қалдық қалмайды. Яғни шиналар толық өңделіп, әр бөлігі пайдаға асады. Компания өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай нарығына экспортталады.
«Болашақта Қазақстанның әр өңірінде шикізат дайындайтын қосалқы өндіріс орындарын ашу жоспарымызда бар. Сондай-ақ өңделген резеңкеден конвейерлік таспа шығаруды және жоғары кернеулі кабель өндіруді көздеп отырмыз. Әсіресе конвейерлік таспа әзірлеу ісіне ерекше көңіл аударудамыз. Себебі мұндай өнім Қазақстанда жасалмайды, негізінен Ресей мен Қытайдан импортталады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 100-ден астам адам жұмыс істейді, ал болашақта өндірісті кеңейту арқылы жұмысшылар саны едәуір артады.
Саммит аясында біз Қазақстанның әр өңірінен жаңа серіктестер таптық. Олар – пайдаланылған автокөлік шиналарын жеткізушілер. Бірқатар өңірлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Саммит біз үшін өте нәтижелі өтуде», – деді компания өкілі Владимир Малик.
Көрмеде халық назарына іліккен бірегей жоба – тамақ қалдықтарын терең өңдейтін «Food Waste» кәсіпорны. Өндіріс патенттік негізде жұмыс істейді. Әрі өндірісте қолданылатын заманауи технологиясымен ерекшеленеді. Сонымен қатар компания улы газдарды азайтуға бағытталған халықаралық бастамаларға қатысып, табиғатты қорғау шараларын одан әрі жетілдіре түсті.
«Тамақ қалдықтарын өңдеу экологиялық мәселелерді шешуге зор ықпал етеді. Мысалы, қалдықты қоқыс полигонына жіберсе, одан улы газ бөлініп, ауаны ластайды. Сол үшін біз Алматы облысындағы мейрамханалар мен кәсіпорындардан шығарылатын тамақ қалдықтарын жинап, оны терең өңдейміз. Нәтижесінде балық пен жануарларға арналған жем және органикалық тыңайтқыш дайындалады. Кәсіпорын 2024 жылы іске қосылды. Биыл үлкен кешеннің құрылысы аяқталады. Соның негізінде күніне 100 тонна қалдық өңделетін болады», – деді кәсіпорынның бас директоры Бекежан Қайырғалиев.
Осылайша, «RES EXPO – 2026» халықаралық көрмесінде Алматы облысы экологиялық жобаларға ерекше қолдау білдіретінін және бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылғанын көрсетті.
Айта кетейік, көрме Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылған. Бүгін екінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Шара ертең , яғни 23 сәуір күні қорытындыланып, өз мәресіне жетеді.